Мөлдір Жаңбырбай мен Әсел Қанай Премьер-лигада қатарынан үшінші рет жүлдеге ілікті

Мөлдір Жаңбырбай мен Әсел Қанай Премьер-лигада қатарынан үшінші рет жүлдеге ілікті
Басқа

Спортты дамыту дирекциясы

Каирде (Мысыр) каратэден жылдың үшінші Премьер-лига турнирі мәресіне жетті, деп хабарлайды Bassport.kz

Бұл доданың ерекшелігі — әр салмақ дәрежесінде әлемдік рейтингтің үздік 32 спортшысы ғана қатыса алады.

Қазақ спортшылары Каир татамиінде 1 алтын және 1 күміс медаль жеңіп алды.

Мөлдір Жаңбырбай (50 кг дейін) қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, алтын жүлде иеленді. Бұл — оның Париждегі қоласы мен Ханчжоудағы күмісінен кейінгі үшінші Премьер-лига медалі.

Әсел Қанай (-61 кг) финалда украиналық қарсыласынан ұтылып, күміске ие болды. Түркістандық спортшы биыл бұған дейін Парижде күміс, Ханчжоуда қола алған болатын.

Сонымен қатар Айжан Бәкірова (-61 кг), Софья Берульцева (+68 кг) және Диас Анарбеков (+84 кг) қола жүлде үшін таласты, алайда шешуші кезеңде қарсыластарына есе жіберді.

Мөлдір Жаңбырбай енді Grand Winner сыйлығына бір қадам жақындады. Егер ол мамыр айының соңында Рабатта (Марокко) өтетін соңғы кезеңде топтық кезеңнен шықса, қатарынан екінші жыл жылдың үздік каратэшісі атануы мүмкін.

Айта кетейік, Каирдегі турнирге 68 елден 383 спортшы қатысты. Қазақстан ұлттық құрамасының намысын 13 каратэші қорғады.