Элитаға оралған Рыбакинаның рейтингтегі позициясы белгілі болды

REUTERS / Toby Melville
Bassport.kz сайтының мәліметінше, Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) әлемнің үздік теннисшілері рейтингінің жаңартылған нұсқасын ұсынды.
Қазақстанның екі үздік теннисшісі – Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева – өз позицияларын сақтап қалды. Елена – әлемнің 10-ракеткасы, ал Юлия – 23-орында.
Әлемдік рейтингтің көшбасында әлі де беларусьтік Арина Соболенко тұр. Екінші орында – польшалық Ига Швёнтек, ал үшінші орынды америкалық Джессика Пегула иеленіп отыр.
Айта кетейік, Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева Қазақстан құрамасы сапында жеңістерге қол жеткізді. Олар ұлттық құраманың намысын Билли Джин Кинг кубогы аясындағы матчтарда қорғады.
10 сәуірде қазақстандықтар Австралия құрамасын, ал 11 сәуірде Колумбия ұлттық құрамасын жеңді. Осылайша, Қазақстан әйелдер құрамасы әлемдегі ең беделді командалық чемпионат – Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне жолдама алды.
Финалдық кезең 16-21 қыркүйек аралығында Қытайда өтеді. Қазіргі чемпион – Италия құрамасы және Қазақстан құрамасы турнирге қатысу құқығын иеленді. Қалған 5 команда топтық кезеңдегі іріктеу ойындарының нәтижесі бойынша анықталады.