Түркістан қаласында республикалық #АуылФутболCup турнирі өтті

2025 жылдың 24-28 наурыз аралығында Түркістан қаласында еліміздің әр өңірінен келген ауылдық футбол командаларының қатысуымен 5-республикалық #АуылФутболCup турнирі өтті.
Жарысқа Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Ақмола, Павлодар, Қостанай және Атырау облыстарынан 2012-2013 жылдары туған 200-ден астам жас футболшылар қатысты.
Турнирде алғаш рет “Алтын тор” және “Күміс тор” жүйесі қолданылды. “Алтын тор” санатында Қызылорда облысының Қазалы командасы бірінші орынды иеленді, екінші орын Батыс Қазақстан облысының А10 командасына бұйырды, ал үшінші орынды Ақмола облысының Spartans командасы алды.
“Күміс тор” санатында Түркістан облысының Сұңқар командасы жеңімпаз атанды, екінші орын Ақтөбе облысының Қызыл ту командасына, үшінші орын Алматы облысының Самұрық командасына берілді.
Турнир барысында үздік ойыншылар мен жаттықтырушылар анықталды. “Күміс тор” бойынша үздік қақпашы – Түркістан облысының Сұңқар командасынан Ибадулла Сарвар, үздік қорғаушы – Ақтөбе облысының Намыс командасынан Ізтілеу Бағдаулет, үздік жартылай қорғаушы – Алматы облысының Самұрық командасынан Жақан Нұрислам, үздік шабуылшы – Ақтөбе облысының Қызыл ту командасынан Избасов Амирхан, үздік ойыншы – Түркістан облысының Сұңқар командасынан Ақайдар Дінмұхаммед, ал үздік жаттықтырушы атағы Ақтөбе облысының Қызыл ту командасынан Мұхаметияр Азаматқа берілді.
“Алтын тор” бойынша үздік қақпашы – Қызылорда облысының Қазалы командасынан Төре Мансұр, үздік қорғаушы – Батыс Қазақстан облысының А10 командасынан Сайн Ерсұлтан, үздік жартылай қорғаушы – Алматы облысының RedSapsans командасынан Серікұлы Қайсар, үздік шабуылшы – Ақмола облысының Spartans командасынан Бисимбаев Али, үздік ойыншы – Қызылорда облысының Қазалы командасынан Орысбек Марғұлан, ал үздік жаттықтырушы атағы Қызылорда облысының Қазалы командасынан Дәуренбек Тәжімбетовке берілді.
Турнирдің ұйымдастырушысы, “АуылФутбол” жобасының жетекшісі Серік Мәмбетов бұл шараның жобаның 5 жылдығымен тұспа-тұс келгенін атап өтті. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде көптеген жұмыстар атқарылып, ауылдық командалар жоғары деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға ие болуда.
Турнирдің бас демеушісі Tornado Plus жиһаз компаниясы болды.
“АуылФутбол” жобасы 2020 жылы журналист Серік Мәмбетовтің бастамасымен іске қосылған. Жоба аясында 180-нен астам ауыл командасына қаржылай көмек көрсетіліп, 60-тан астам турнир ұйымдастырылды. 2023-2024 жылдары “Халық” қайырымдылық қорының қолдауымен 100 ауылдық жаттықтырушы оқытылып, бірнеше семинарлар өткізілді.