Freedom QJ League: Жасөспірімдер футболы жаңа деңгейге өтті

qjl.kz
31 наурыз – 1 сәуір күндері Астана қаласындағы Radisson Hotel Astana қонақүйінде Freedom QJ League-тің үшінші маусымының басталуына арналған екі күндік баспасөз мәслихаты мен семинар-тренинг өтті, деп хабарлайды Bassport.kz QJ League сілтеме жасап.
Баспасөз мәслихатына 200-ден астам футбол орталықтары мен академиялардың басшылары, координатор мамандар, администраторлар, медиа-офицерлер, маркетологтар, БАҚ өкілдері, сондай-ақ Астана БК, Барыс ХК және Теннис федерациясының мамандары арнайы спикер ретінде қатысты.
Мәслихаттың басты спикерлері ретінде Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов, Freedom QJ League президенті Рохус Шох, Mastercard компаниясының Қазақстан және Орталық Азиядағы бас директоры Санжар Жамалов және Changan Kazakhstan дистрибуциясы директорының орынбасары Сергей Галкин сөз сөйледі.
Ұйымдастырушылар қонақтарға QJ League жобасының алғашқы екі маусымының қорытындысы ретінде видеороликтер көрсетті. Freedom QJ League тарихында 3000-нан астам спортшы мен маман – бапкерлер, менеджерлер, әкімшілік қызметкерлер қамтылды. 226 жас ойыншы кәсіби футболда өздерін көрсетуге мүмкіндік алды – олардың ішінде Қазақстан чемпионатының жоғары дивизионы мен Еуропаның бірнеше лигасына шақырту алғандар да бар.
Freedom QJ League турнирінің медиа көрсеткіштеріне тоқталсақ, сыртқы ақпарат көздеріндегі жалпы қамтылу 168 миллион қаралымнан асты. Барлық 452 матчтың жоғары сападағы трансляциялары YouTube-те қолжетімді, ал жүздеген ойын республикалық телеарналарда комментаторлар сүйемелдеуімен тікелей эфирде көрсетілді.
Лига бапкерлері мен түрлі мамандар бірнеше семинарларға қатысып, жас футболшыларға арналған футбол мейрамдарын ұйымдастырды. 2024 жылдың қыркүйегінде жаттығу үдерісін оңтайландыруға арналған FF Manager атты өздерінің цифрлық көпфункционалды платформасын іске қосты. Бұл жобаның басты ерекшелігі – жанкүйерлер әрбір турдан кейін сүйікті ойыншыларының символикалық құрамын жинай алады. Кейін бұл жоба Tagline Awards атты беделді халықаралық digital сыйлығының 11 номинациясы бойынша марапатқа ие болды.
Лига бұрынғы регламентпен тоқтап қалған жоқ. Биылғы маусымда 16 жасқа дейінгі жасөспірімдерге мүмкіндік берілді. Сонымен қатар, тұңғыш рет қыздар турнирі де өтпек – жарысқа 17 жасқа дейінгі қыздардан құралған сегіз команда қатысады.
Freedom QJ League қатарына үш жаңа команда қосылады: «ҚФФ U-16», «Хан-Тенгри» және «Жеңіс». 2025 маусымында барлығы 18 өңірден 54 команда құрамында 1620 жас ойыншы бақ сынайды. Жалпы 542 матч өткізу жоспарланған.
Былтырғы маусымнан бастап Freedom QJ League клубтары құрамында тек Лига командаларымен жұмыс істейтін әкімші, дәрігер, медиа-офицер және маркетологтың болуын міндетті етті. Жаңа маусымда тағы екі лауазым қосылады: менталды даярлық бапкері мен үйлестіруші.
Осы маусымның басты жаңалықтарының бірі – Freedom QJ League УЕФА Чемпиондар лигасының басты серіктестерінің бірі Mastercard компаниясымен келісімге келді.
Лиганың медиа және маркетинг блогының жетекшісі Антон Лысяк серіктестіктің алғашқы жылының қорытындысын ұсынды. Маусым бойы тараптар тек ойын-сауық бағытында ғана емес, әлеуметтік бағытта да бірнеше бірлескен шаралар өткізді – мысалы, Павлодарда қыздарға арналған алғашқы футбол фестивалі ұйымдастырылды. Пресс-конференция барысында бұл ынтымақтастық 2025 жылы да жалғасатыны айтылды. Mastercard-тың Қазақстан және Орталық Азиядағы бас директоры Санжар Жамалов былтырғы жетістіктерді атап өтіп, алдағы маусымға сеніммен қарайтынын жеткізді:
«Футбол – көптеген қазақстандықтар үшін басты спорт түрі. Mastercard әлем бойынша спорттық оқиғаларды қолдайды, оның ішінде УЕФА Чемпиондар лигасы да бар. Біз бұл жаһандық тәсілді Қазақстанда дамытуға қуаныштымыз және Freedom QJ League серіктесі болу – біз үшін үлкен мәртебе. Жасөспірімдер футболының дамуына үлес қосу – маңызды іс. Жаңа маусымда назарымыз тек ұлдар футболына ғана емес, қыздарға да бағытталады. Барша спортшыларға, спортшы қыздарға және бапкерлерге жарқын жеңістер мен ұмытылмас сәттер тілейміз!» – деді ол.
Сонымен қатар, пресс-конференцияда Лиганың жаңа серіктесі таныстырылды – Қытайдың Changan брендінің Қазақстандағы ресми дистрибьюторы, «Астана Моторс» құрамына кіретін компания.
«Футбол – бұл жай ғана жарыс емес, бұл – жастарға өз қабілеттерін көрсетуге, командада жұмыс істеуді үйренуге және жаңа жетістіктерге ұмтылуға мүмкіндік. Freedom QJ League секілді бастамаларды қолдау – бұл еліміздің және балаларымыздың болашағына салынған инвестиция. Біз бұл маусымда көптеген жарқын сәттер мен жаңа жұлдыздарды көреміз деп үміттенеміз. Әрбір қатысушы – салауатты әрі белсенді қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Келіңіздер, спортты баршаға қолжетімді етіп, жас спортшылардың армандарын бірге қолдайық!» – деді Changan Kazakhstan дистрибуциясы директорының орынбасары Сергей Галкин.
2025 жылдың басында Freedom QJ League All Stars командасы 23 тамыз күні Алматы қаласында Еуропадағы “Атлетико” Мадрид футбол клубының академиясымен жолдастық кездесу өткізеді. Мұндай кездесулер бірінші рет өткізіліп жатқан жоқ: 2023 жылы “Super Bol” командасымен кездесіп, 5:1 есебімен жеңіске жетсе, 2024 жылы дәл осы стильде Сербияның “Црвена Звезда” командасымен матч өткізіп, 2:0 есебімен тарихи жеңіске қол жеткізді.
Freedom QJ League-тің жаңа маусымы 19 сәуірде “Астана” – “Атырау” матчымен ресми түрде басталады.