Air Astana он жасар қазақстандық футболшыны бөтен елдің әуежайында жалғыз қалдырды
Orda.kz
Шетелде өткен жаттығу жиынына барған өскемендік футбол командасының ойыншысы екі тәулік бойы Түркия әуежайында депортацияланатын адамдарға арналған камерада жалғыз болған.
Orda.kz басылымының мәліметінше, Air Astana компаниясы он жасар баланы бөтен елдің әуежайында жалғыз қалдырып, жауапкершілік алудан бас тартқан.
Баланың Түркия шекарасынан өте алмауының себебі – паспорты жоғалған. Бұл жағдай “Барс” балалар футбол клубының кезекті жаттығу жиынында орын алған. Бұған дейін осындай сапарларда балалар Қазақстаннан ешқандай ересек адамның ертуінсіз жіберіліп, Түркияда футбол мектебінің өкілдері оларды қарсы алатын.
“Біз бірнеше ата-ана бірігіп, бапкермен келісіп, балаларды Түркияға жаттығу жиынына жіберуге шешім қабылдадық. 21 желтоқсанда жиын басталып, 18 қаңтарда балалар қайта оралуы керек болатын,” – дейді баланың анасы.
Әр баланың құжаттары арнайы конвертте өзімен бірге болған. Алайда Түркияға келген кезде он жасар баланың конверті жоғалғаны белгілі болды.
Air Astana компаниясы ата-аналардан баланы алып жүру қызметі үшін ақы алғанына қарамастан, оны бөтен елдің миграциялық аймағында жалғыз қалдырған.