17 жастағы қазақстандық теннисші тарихи жетістікке қол жеткізді

ҚТФ
Халықаралық теннис федерациясы (ITF) жаңартылған юниорлар рейтингін жариялады, деп хабарлайды Bassport.kz ҚТФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
17 жастағы Амир Омарханов жеке рейтингте 10 орынға жоғарылап, төртінші орынға көтерілді. Осылайша, ол алғаш рет ТОП-5 қатарына енді. Өткен маусымда Омарханов Пекинде өткен J300 жеке турнирін және жұптық разрядта үш ірі жарысты, соның ішінде бейресми әлем чемпионаты саналатын Orange Bowl турнирін жеңіп алды.
Әлемдік юниорлар рейтингінде тағы бір қазақстандық, 16 жастағы Занғар Нұрланұлы да жоғарылады. Ол 36 орынға көтеріліп, қазір 38-ші орында тұр. 2024 жылы Нұрланұлы жекелей сында үш ірі титулды иеленді: Измирде J100, Шымкентте J200 және Латвияда J100 турнирлерінде жеңіске жетті.
Дамир Жолғасбай ТОП-100-ге жақындады. Қазіргі уақытта ол 112-ші орында (+84). Өткен жылы Дамир Краковтағы турнирді жеңіп алды.
Айта кетейік, Амир Омарханов пен Занғар Нұрланұлы жақын арада Австралияның ашық юниорлар чемпионатының негізгі сеткасында өнер көрсетеді. Оған дейін олар Австралияның Траралгон қаласында өтетін ITF Juniors J300 сериясындағы беделді турнирге қатысады.