Француз спортшылары Олимпиада-2024 медальдерінің сапасына шағымданды
Әлеуметтік желі
Франция құрамасының жүзушілері Клеман Секки мен Йоанн Ндойе-Бруар 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында жеңіп алған қола медальдерінің сапасына көңілдері толмайтынын айтты, деп хабарлайды Bassport.kz
Спортшылар 4×100 метрлік комбинациялық эстафетада қола медаль иеленген. Алайда жарыстан алты ай өткен соң, Секки Instagram-дағы сторисінде медальдің суретін жариялап, оны «крокодил терісі» деп атады. Суретте медальдің сырты әбден бүлініп, қабығы түсіп қалғаны анық көрінеді.
Ндойе-Бруар да X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде өз медалінің суретін көрсетті. Оның да жағдайы дәл осындай: медальдің орталық бөлігі, Эйфель мұнарасынан жасалған темірден құйылған бөлігі, тырналып, сырлары кетіп қалған. Спортшы бұл жағдайды «Париж 1924» деп сипаттады.
Айта кетейік, тамыз айында бадминтоннан екі дүркін Олимпиада чемпионы Виктор Аксельсен Париж-2024 ойындарындағы алтын медалінің қабығының түсе бастағанын көрсеткен болатын. Ол оны 2021 жылы Токиодағы Олимпиадада алған медалімен салыстырған еді.