Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) жаңартылған рейтингі жарияланды
KTF
Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жекелей және жұптық санаттар бойынша жаңартылған әлемдік рейтингіні ұсынды. Қазақстандық спортшылар арасында бірқатар өзгерістер орын алды, деп хабарлайды BasSport.kz.
Өткен аптада Нави-Мумбайда (Үндістан) өткен ITF W50 турнирінің ширек финалына дейін жеткен Жібек Құламбаева рейтингте 337-орыннан 314-ші сатыға көтерілді. Бұл оның мансабындағы маңызды көрсеткіштердің бірі болды.
Зарина Дияс та өз позициясын жақсартып, 385-ші орыннан 383-ші орынға тұрақтады. Ал Қазақстанның үздік теннисшілері Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева өз орындарын сақтап қалды.
Рыбакина рейтингте алтыншы сатыда, ал Путинцева 29-орында орналасқан. Жұптық разрядта Юлия Путинцева бір саты жоғарылап, 110-орынға көтерілді, ал Жібек Құламбаева 150-ші орнын сақтап қалды.
Айта кетейік, Жібек Құламбаева Қазақстан құрамасы сапында 27 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында Аустралияның Сидней және Перт қалаларында өтетін United Cup турниріне қатысатын болады.