Сметовтың бұрынғы қарсыласы ұлттық құрамаға қызметке келмек
Bassport.kz
Париж Олимпиадасынан кейін дзюдо саласында еліміздің ерлер құрамасын нығайту үшін белгілі маман Роберт Мшвидобадзе шақырылды. Жеңісті жолын тәмамдаған спортшы енді бапкерлік қабілетін Қазақстан құрамасына арнамақ.
Мшвидобадзе кезінде Елдос Сметовтің басты қарсыластарының бірі болды. Олар татамиде алты рет кездесіп, төрт мәрте Сметов жеңіске жеткен еді.
Ресейлік маман бұған дейін Қытайдың әйелдер құрамасында табысты жұмыс атқарды. Қазақстан құрамасында ол француз бапкерлері Стефан мен Ксавьемен бірге жұмыс істейді.
Ерлер құрамасын қазіргі уақытта бас бапкер Нұрбол Сүлейменов жаттықтырып жатыр. Оның қол астында аға бапкерлер Ғайнолла Болатұлы, Еркебұлан Қосаев және Елдос Жұмақанов еңбек етуде. Әйелдер құрамасында Ерлан Алпысбаев бас бапкер қызметінде, ал Ермек Нәсиев пен Асылбек Шаханов аға бапкер ретінде жұмыс атқарады.