“Шахтер” клубына жаңа бас бапкер тағайындалды
Қарағандылық “Шахтер” футбол клубына жаңа бас бапкер тағайындалды, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі.
Клубты жаңа маусымда Дмитрий Огай жаттықтырады. Жаңа бас бапкер бұрын өзі кеншілер шаһары командасында өнер көрсеткен.
Ол бүгін Қарағандыда өткен клубтың ресми түрде жеке кәсіпкер меншігіне өтуі туралы жарияланған баспасөз мәслихатында бас бапкер қызметіне тағайындалды.
Қазіргі таңда “Шахтер” Шымкентте оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Жаттықтырушы жаңа маусымға дайындықтың екінші кезеңде Түркияда өтетінін хабарлады. Осыдан кейін 2008 жылғы футболшыларға қатысты енгізілген жаңа ережелерге байланысты команда құрамы жасақталмақ.
Тәжірибелі жаттықтырушы бапкерлік қызметін 1998 жылы бастап, “Ертіс”, “Тобвл”, “Қайсар”, “Жетісу” сынды командалармен жұмыс істеген.
Огай үш рет Қазақстандағы жылдың үздік бапкері атанып, екі рет өз командасын чемпиондық атаққа жеткізген.