Черчесов ұлттық құрамада қалатын болды
KFF
Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов өз қызметінен кетпейтінін нақтылады, деп хабарлайды Bassport.kz 1bol-ға сілтеме жасап.
Бұған дейін ҚФФ президенті Әділет Бәрменқұловтың отставкасынан кейін Черчесовтың да қызметінен кетуі мүмкін деген қауесет тараған еді. Алайда, Черчесов бұл ақпаратты жоққа шығарып, келісімшартының Қазақстан футбол федерациясымен жасалғанын, ал оны бұзуға негіз жоқ екенін мәлімдеді.
14 қарашада Алматыда өтетін Ұлттар лигасы аясындағы Австриямен ойынының алдындағы баспасөз мәжілісінде, Черчесов журналистерге өз болашағы туралы пікір білдірді. Бапкердің айтуынша, ол Қазақстан ұлттық құрамасымен ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойған және алдағы уақытта да қызметін жалғастыра бермек.
Черчесовтың келісімшарты 2026 жылға дейін күшінде. Егер келісімшарт мерзімінен бұрын бұзылса, Қазақстан тарапы бапкерге 1 миллион еуро көлемінде өтемақы төлеуі тиіс.