Қазақстандық балуан әскерилер арасында әлем чемпионы атанды
Қазифнорм
Қазақстандық балуан Мейіржан Әшіров Армения астанасы Ереванда күрес түрлерінен әскерилер арасындағы әлем чемпионатында топ жарды, деп хабарлайды Bassport.kz Kaz.inform.kz сілтеме жасап.
Қазақстан күрес федерациясынан мәлім еткеніндей, ефрейтор Мейіржан Әшіров еркін күрестен 70 келіге дейінгі салмақта үздік шықты.
Ол алдымен ресейлік Инал Кетиямен белдесті. Кездесу 1:1 есебімен тең аяқталғанымен, соңғы ұпайды алғаны үшін жеңіс Мейіржанға бұйырды.
Мейіржан моңғолиялық О.Мергеншагайды 14:1 есебімен айқын басымдылықпен тізе бүктірді. Үшінші белдесуінде ирандықты 10:0 есебімен ұтса, финалда үнді балуанын қапы қалдырды – 6:2.
Сондай-ақ грек-рим күресінен кіші сержант Айдос Сұлтанғали (60 кг), әйелдер күресінен ҚР Қарулы күштерінің қызметшісі Светлана Анкичева (50 кг) қола жүлдегерлер қатарынан көрінді.