Тарихта алғаш рет: Қазақстандық теннисшілер Juniors Davis Cup жарысының ширек финалына мерзімінен бұрын жолдама алды
KTF
Анталияда өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Дэвис кубогының финалдық кезеңінде плей-оффқа шыққан алғашқы командалар анықталды, деп хабарлайды Bassport.kz Қазақстан Теннис Федерациясына сілтеме жасап.
Командалық әлем чемпионатының топтық кезеңінде Қазақстан құрамасы Гонконгты айқын басымдықпен ұтты.
Алғашқы ойынды Дамир Жалғасбай (ITF Juniors рейтингі бойынша 198-ші орында) мен Николас Чэн (ITF Juniors рейтингі бойынша 298-ші орында) бастады. Дамир бірінші сетте 6:2 есебімен жеңіске жетті, алайда екінші сетті Чэн 6:4 есебімен өз еншісіне жазды. Шешуші сетте Дамир табандылық танытып, 6:3 есебімен жеңісті жұлып алды.
Екінші ойында Заңғар Нұрланұлы (ITF Juniors рейтингі бойынша 77-ші орында) Джек Чэнді (ITF Juniors рейтингі бойынша 205-ші орында) жеңді. Алғашқы сет 6:3 есебімен Заңғардың пайдасына шешілсе, екінші сетті де еш қиындықсыз 6:3 есебімен аяқтады.
Жұптық кездесудің нәтижесіне қарамастан, Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы өзінің тарихында алғаш рет Juniors Davis Cup жарысының ширек финалына мерзімінен бұрын жолдама алды.