Қазақстан әлем чемпионатының екінші күнінде 1 алтын, 2 күміс медаль жеңіп алды
Спортты дамыту дирекциясы
Астана қаласында өтіп жатқан самбодан әлем чемпионатының екінші күні Қазақстан құрамасының үш спортшысы финалда күш сынасты, деп хабарлайды Bassport.kz
Спорттық самбодан 64 кг дейінгі салмақта Есентай Имаханов өзбекстандық Сардор Олимжоновты аса тартысты белдесуде жеңіп, алтын медальға ие болды.
“Бүгін мені қолдауға көптеген туысым мен достарым келді. Осы жеңісімді бір ай бұрын қайтыс болған атама арнаймын. Биыл Азия чемпионатында осы өзбекстандық қарсыласқа есе жіберген едім, бүгін сол есені қайтардым,” - деді Имаханов жеңістен кейінгі сұхбатында.
Сонымен қатар, спорттық самбодан 54 кг салмақта Гүлдана Әлмұханбетова ресейлік Анастасия Луканинадан, ал 88 кг салмақта Еламан Қойшыбаев Сергей Рябовтан ұтылып, күміс жүлдеге қол жеткізді. Еламан Қойшыбаев:
“Астана төрінде өткен чемпионатта күміс жүлдені алтынға айналдырғым келді, бірақ қарсыласқа ұпай беріп қойып, қуып жете алмадым,” - деп бөлісті.
Жауынгерлік самбодан 71 кг салмақта Арнұр Қуатай және 80 кг салмақта Ұлбосын Әділова, спорттық самбодан 72 кг салмақта Шынар Абатова, пара самбодан Асқар Каиров қола жүлдегер атанды.
Айта кетейік, алғашқы күні Ұлттық құрама 1 алтын және 4 қола медаль жеңіп алған болатын. Қазіргі таңда Қазақстанның еншісінде 2 алтын, 2 күміс, және 8 қола медаль бар. Ертең чемпионаттың шешуші жарыс күні өтеді.
Чемпионаттың ерекшелігі - биыл әйелдер арасында жауынгерлік самбо және зағиптар сайысы алғаш рет енгізілді.
Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 311 мың АҚШ долларын құрайды (1-орын - 4 000 доллар, 2-орын - 3 000 доллар, 3-орын - 2 000 доллар және зағиптар арасындағы чемпион - 1 000 доллар).