«Орта салмақтың королімін»: Жәнібек Әлімханұлы батыл мәлімдеме жасады
x.com/qazaqstyle
Орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 10 КО) өз салмағындағы басқа қарсыластарға үндеу тастады. Bassport.kz бұл туралы 1bol.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақ боксшысы өзіне тең келер қарсылас іздеп жатыр. Жәнібек Әлімханұлы жаңазеландиялық Андрей Михайловичпен болған соңғы жекпе-жекте түскен суретін бөлісіп, өзінің кез келгенді сұлатып салуға дайын екенін мәлімдеді.
«Мен саған орта салмақтың королімін деп айттым ғой. Егер сен король атағына үміткер болсаң, онда сенің біткен жерің осы болмақ. Тағы кім үміткер болғысы келеді?», - деп жазды Жәнібек әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетейік, 4 қазанда Жәнібек Әлімханұлы Аустралияның Сидней қаласында өткен жекпе-жекте Андрей Михайловичті әр раунд сайын ауыр соққыларын дарытып, 9-раундта сұлатып салды.Осылайша Жәнібек Әлімханұлы кәсіби мансабындағы он алтыншы жекпе-жегін жеңіспен аяқтап, IBF және WBO титулдарын сәтті қорғады. Ал Андрей Михайлович мансабындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады.