Астанада пауэрлифтингтен әлем чемпионаты өтеді
Астана әкімдігі
5-12 қазан аралығында Астанада көру қабілеті төмен және зағип спортшылар арасында IBSA Пауэрлифтинг және жатып сығымдаудан әлем чемпионаты өтеді. Bassport.kz бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Спорттық іс-шара елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Әлем біріншілігіне Қазақстан, Грузия, Украина, Түркия, Египет, Ливия, Чехия, Израиль, Кениядан 71 спортшы қатысады. Жалпы қатысушылар саны 130 адамды құрайды, оның ішінде жаттықтырушылар, көмекшілер және төрешілер бар.
Аталған чемпионат елімізде инклюзивтікті қолдауға және мүмкіндігі шектеулі жандардың спортын дамытуға маңызды үлес қосады. Сондай-ақ әлем чемпионатына кіру тегін.
Айта кетейік, бұл дода қазақстандық пара пауэрлифтинг федерациясы және Қазақстандық зағип спорт ассоциациясымен ұйымдастырылып, Туризм және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіледі.