Жеңіс Қасымбек Паралимпиада жүлдегерлеріне қомақты сыйақы беріп, баспана сыйлады
Басқа
Астана әкімдігінің баспасөз қызметі
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында Паралимпиада ойындарында ел қоржынына медаль салған спортшылармен кездескені туралы жазды, деп хабарлайды Bassport.kz Астана әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Паралимпиада ойындарының елордалық жүлдегерлерімен кездестім. Ақмарал Науатбек елімізге көптен күткен жеңіс сыйлады. Ол пара дзюдодан әлем чемпионы атанған және Паралимпиада алтынын жеңіп алған алғашқы қазақстандық спортшы ретінде ел тарихына енді. Әлем алдында көк туымызды желбіреткен тағы бір елордалық спортшы – Ерғали Шамей. Ерғали күміс медаль жеңіп алды. Олардың жеңісінің артында тоқтаусыз жаттығулар, темірдей тәртіп, шыдамдылық, жақындарының, бапкерлерінің қолдауы, өзіне деген сенім жатыр», - деп жазды қала әкімі.
Ақмарал Науатбекке 3 бөлмелі пәтердің сертификаты және 30 млн теңге ақшалай сыйақы, ал оның жаттықтырушысы Айдын Анапинге 10 млн теңге табыс етілді.
Ерғали Шамейге 2 бөлмелі пәтердің сертификаты мен 25 млн теңге ақшалай сыйақы, ал оның жаттықтырушысы Дәурен Оразовқа 7 млн теңге табыс етілді. Ақшалай сыйақы демеушілер тарапынан берілді.
«Біз өз тарапымыздан спортшыларымызға қолдау көрсетуді ары қарай да жалғастырамыз, сол сияқты қаланың спорттық инфрақұрылымын жақсартып, бұқаралық спортпен шұғылдану үшін, оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептеріне тиісті жағдай жасаймыз», - деп жазды Жеңіс Қасымбек.