Жетісайда спорт кешені жаңа кейіпке енді
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Түркістан облысында спорт саласын дамытуға көңіл бөлініп келеді. Соның бірі – Жетісай ауданы. Осы орайда аудан басшысы Серік Мамытов Жетісай қаласындағы бокс, еркін күрес, үстел теннисі және қазақ күресі секілді спорттың 4 түрінен 200-ден астам жасөспірім шұғылданатын «Күлбала» спорт кешенінің бүгінгі жай-күйімен танысты. Бұл туралы Bassport.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Соңғы рет 2019 жылы ішкі ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген спорт кешенінің бүгінде шатырынан су ағып, қабырғалары үгітілуде. Одан бөлек, едендері мен жасөспірімдердің жуыну бөлмелеріндегі құрал-жабдықтар, жылыту қазандықтары мен терезелері ауыстыруды қажет етеді. Бұл жұмыстарға 16 млн теңге қажет екенін айтқан аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев орталықта жаттығатын жасөспірімдердің жетістіктеріне тоқталды.
Бөлім басшысының мәліметінше орталықта жаттығатын 23 спортшы бокс түрінен халықаралық, республикалық, облыстық және аймақтық жарыстардың чемпионы атанса, мүмкіндігі шектеулі 2 жасөспірім республика чемпионы, 1 спортшы қола жүлде иеленген. Ал, еркін күрестен 3 спортшы халықаралық жарыстардың чемпионы атанған.
Айта кетейік, бүгінде аудан басшысының қолдауының нәтижесінде ауылдар мен елді мекендерінде заман талабына сай спорт ғимараттары, балалардың спорт алаңшаларын салу ісі қолға алынып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.