Париж төріндегі Паралимпиада ойындары басталды

Париж төріндегі Паралимпиада ойындары басталды
Басқа

видеодан алынған кадр

Франция астанасы Париж шаһарында XVII Паралимпиада ойындары ресми түрде жалауын желбіретті, деп хабарлайды Bassport.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында 22 спорттан 549 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бұл ретте, 167 делегагация қатарында 4 400 спортшы жүлдеге таласады. Олардың қатарында 44 отандасымыз бар. 

Дүбірлі доданың шымылдығы Париждың жүрегі саналатын әйгілі Champs-Élysées бульвары мен Place de la Concorde алаңында ашылды. Бұл орындар Францияның тарихы мен мәдениетінің символы ретінде аса танымал. Содан болар, Паралимпиада ойындарына жолдама алған спортшылар мен бапкерлерді, меймандарды қарсы алуға арнайы таңдалған.

Параолимпиада ойындарының ашылуына Франция президенті Эмманюэль Макрон және халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонс қатысты.

Соңғы 7 жылда Паралимпиаданы ұйымдастырушылар қалалық ортаны инклюзивті ету үшін Парижге шамамен 125 миллион еуро инвестициялаған. Қазір көше қиылыстарында көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған 10 400-ге жуық акустикалық жүйе орнатылған.

2004 жылы Афиныдан бері әрбір Паралимпиада ойындарында медальдар саны бойынша көш бастап келе жатқан Қытай биыл 282 спортшысына сенім артып отыр. Бразилия 255 спортшысымен екінші орында тұр. Жарысты қабылдаушы ел Франция 237 спортшымен қатысады. АҚШ құрамында 220, Ұлыбритания сапында 201 спортшы бар.