Түркістан облысындағы Бәйдібек ауданының жастары ұлттық спорт түрлерін дәріптеді
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Бәйдібекте 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай «ZHASTAR WEEK» апталығы аясында аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов білім, мәдениет саласының жастары мен жас кәсіпкерлер, ерікті жастар, спортшылармен және студенттермен кездесті, деп хабарлайды Bassport.kz.
Бөген өзенінің бойындағы демалыс аймағында еркін форматта өткен кездесуде белсенді аудан жастары көкейінде жүрген сұрақтары мен пікірлерін айтып, ауданның дамуына қосатын түрлі саладағы ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар қонақтар «Сафи_арт_спорт» үйірмесінің және О.Тайманов атындағы өнер және саз мектебінің қолөнершілерінің көрмесі мен талантты жастардың өнерлерін тамашалады.
Сондай-ақ Бәйдібек ауданының атын асқақтатып жүрген спортшылар мен талантты жастардың жетістіктері аудан басшысына таныстырылды.
Кездесу барысында аудан әкімі жастармен бірге қазақтың ұлттық спорт түрі садақ атудан жебе тартып, аудан жастарымен бір толқында болды.
Демалыс аймағында өткен іс-шарада жастар арасында арқан тарту, кір тасын көтеру мен қол күрес және басқа да спорт түрлерінен сайыс ұйымдастырылып, арнайы естелік сыйлықтар табысталды.