Сайрамдық жас садақшылар ел біріншілігінде 11 медаль еншіледі

 Сайрамдық жас садақшылар ел біріншілігінде 11 медаль еншіледі
Спорттық ату

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Өскемен қаласында садақ атудан өткен Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды BasSport.kz.

Аталмыш сайысқа Қазақстанның облыстары мен қалаларынан сайдың тасындай іріктеліп келген 300-ден аса кіл мықты қатысты.

Байқау барысында Сайрам ауданындағы №24 М.Махажанов атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушылары да бапкерлерімен бірге барын салды. Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлерінен мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде шеберлігін шыңдаған сайрамдықтар жасындай жарқырады. Сонымен бірге Төлеби ауданының мергендері облыс қоржынына қос жүлде салды.

Өскеменде өжеттілік, шығыста шымырлық танытқант түркістандық жас садақшылар үш күнде 5 алтын, 4 күміс, 4 қола медальды қоржындарына салды. Осылайша, дәстүрлі спорт түрін өз деңгейінде дәріптеген өрендер өздеріне қолдау білдірген Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлерінен мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі басшылығының сенімін ақтай білді.

Дәстүрлі жас садақшылар Түркістан – ұлттық спортымыздың ордасы, ерлік пен еңбектің мекені екенін тағы бір дәлелдеп берді. Әрине, осынау әрбір жетістіктің артында білікті бапкер «Сайрам садақ ату федерациясының» президенті Махамбет Сатбаевтың ерен еңбегі мен төккен терінің тұрғаны мәлім.

Сайыс қорытындысына сәйкес, Қазақстанның дәстүрлі садақ ату спорт түрінен алтын, күміс, қола медальдарды мол олжалаған Түркістан облысы еліміз бойынша үздік деп танылды.