Париж Олимпиадасының медальдары неден жасалған
ХОК баспасөз қызметі
Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындарында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге берілетін медальдар неден жасалғаны белгілі болды, деп хабарлайды BasSport.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Нақтырақ айтсақ, медальдар бұрын жөндеу жұмыстары кезінде алынған Эйфель мұнарасының түпнұсқа сынықтарының балқымасынан жасалған. Алтыбұрыш пішінінде жасалған бөліктің ортасында Жазғы Олимпиада ойындарының логотипі тұр.
Алтыбұрыш – Францияның картасы. Медальдың артқы жағында гректер үшін жеңіс құдайы саналатын Ника, Афинадағы Акрополь және Эйфель мұнарасы бейнеленген.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда төртжылдық додаға жолдама жеңіп алған қазақстандық спортшыларымыз соңғы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарына спорттың 25 түрінен 92 жолдама жеңіп алды.
Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Ойындарға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланған. Онда 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.