Түркістандық жас жеткіншектер футболдан Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанды
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Түркістандық БЖМОФМ футболдан жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасы чемпионатында күміс жүлдеге ие болды, деп хабарлайды BasSport.kz.
Алматы облысы Қонаев қаласында өткен турнирде 14 жастағы жасөспірімдер сынға түсті. Топтық кезеңде түркістандық аяқдопшылар Қостанай, Талдықорған, Шымкент және Петропавл командаларын айқын басымдықпен жеңді. Ал, жартылай финалда жамбылдықтардан 2:0 есебімен басым түсті.
Финалда Алматы облысы құрамасымен жасыл алаңда жолыққан түркістандықтар жүлделі екінші орынға жайғасты. Одан бөлек, чемпионатта үздік ойынымен көзге түскен команданың екі ойыншысы арнайы жүлдемен марапатталды.
Атап айтқанда, Әмірәлі Бектөре «Үздік жартылай қорғаушы» атанса, Аман Рахман «Үздік шабуылшы» болды.
Доп додасында жарқын жеңісімен көпшіліктің көзайымына айналған командаға қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев шаһар басшысының құттықтауын жеткізіп, Алғыс хат табыстады.