Елена Рыбакина Дубайда 13 эйс жасап, ширек финалға шықты

Елена Рыбакина Дубайда 13 эйс жасап, ширек финалға шықты
Теннис

Қазақстан теннис федерациясы

Елена Рыбакина Дубай WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды BasSport.kz.

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 53-орында тұрған Польша өкілі Магдалена Френхпен шеберлік байқасты. Осыған дейін қарсыластар 2018 жылы Тайбэйдегі турнирде кездесіп, онда Рыбакина 6:3, 6:4 есебімен басым түскен еді.

Бұл жолы бірінші партияда есеп 3:3 болған мезетте поляк спортшысы брейк жасап кетті. Дегенмен ол сетке доп бергенде, Елена таразы басын теңестірді – 5:5. Тай-брейкте 2:5 есебімен ұтылып жатып, қатарынан бес допты өз есебіне жазды – 7:6 (7:5).

Екінші сетті Френх брейкпен бастады – 3:0. Бұдан кейін Рыбакина есепті қысқартқанымен, қарсыласының қайта басымдылық алуына мүмкіндік беріп қойды – 2:4. Ақыры партия Френхтің еншісінде кетті – 6:3.

Үшінші, шешуші партияда есеп 5:4 болған кезде Рыбакина брейк жасай алды – 6:4.

Елена Рыбакина жүлде қоры 3,2 млн АҚШ долларынан асатын доданың жартылай финалына шығу үшін әлемнің 26-ракеткасы италиялық Ясмина Паолинимен кездеседі.