Александр Бублик Монпелье турнирінің ширек финалына жолдама алды

Александр Бублик Монпелье турнирінің ширек финалына жолдама алды
Теннис

Қазақстан теннис федерациясы

Александр Бублик Монпелье (Франция) ATP 250 турнирінің ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды BasSport.kz.

Бұдан екі жыл бұрын осы жарыста үздік шыққан қазақстандық теннисші биыл доданың 2-ракеткасы болып тіркелген. Турнирді екінші айналымнан бастаған Александр дүниежүзілік рейтингіде 137-орында тұрған канадалық Денис Шапаваловпен шеберлік байқасты.

Канадалық теннисші кезінде рейтингіде 10-орынға дейін көтерілген ойыншы еді. Сондықтан ойын аса тартысты өтіп, бірінші партияда Шаповалов шыдатпады – 6:1.

Екіншісінде тай-брейкте Бублик қарымта қайырды – 7:6 (14:12). Үшінші, шешуші сетте қазақстандық теннисші брейкпен алға кетті – 3:0. Ақыры матчты жеңіспен түйіндей алды – 6:3.

Александр Бублик жартылай финалға өту үшін отандасы, әлемнің 59-ракеткасы Александр Шевченко немесе рейтингіде 104-сатыдағы франциялық Грегуар Баррердің біреуімен кездеседі.