"Қуансақ та, жыласақ та, қазақша сөйледік": Туған тілімізде еркін сөйлетін ТОП-5 спортшы

Қазақ тілінде таза сөйлейтін өзге ұлт өкілдері жанкүйерлер арасында қашанда үлкен құрметке ие. Ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылардың мемлекеттік тілді де жетік меңгергені туған тіліміздің де абыройын көтерері анық.  Осы орайда, Bassport.kz қазақ тілінде еркін сөйлейтін отандық бес спортшыны назарларыңызға ұсынады. Софья Берульцева, каратэ Каратэден Токио Олимпиадасының және әлем чемпионатының қола жүлдегері Софья Берульцеваны жанкүйерлер жақсы таниды. Талай байрақты додада топ жарған спортшы қазақ тілінде таза сөйлейтінімен де ерекшеленеді. Софьяның айтынша, оның қазақ тіліне деген құрметі бала күнінен басталған. "Қазақ тіліне деге ықыласым кішкентай кезімнен оянған шығар. Қазақ балабақшасына барғым келді. Мектеп кезінде қазақша үйрену мен үшін хобби секілді нәрсеге айналды. Кейін анам репетитордың көмегімен үйретуді жөн көріп, тілді одан әрі жетік меңгердім. Үйде менен басқа ешкім қазақ тілін жетік білмейді. Ал мен үшін бұл туған тілімдей болып кеткен. Қазақ достарым өте көп, бәрімен емен-жарқын қазақша сөйлесе беремін", - дейді спортшы. Қазіргі таңда Софья Берульцева каратэден Қазақстан командасының үздігіне айналды. Александр Гольцман, еркін күрес Қазақстандық еркін күрес шебері Александр Гольцман бүгінде бапкерлікке бет бұрды. Мамандар оның жаттықтырушы ретінде де жетістігі көп болатынын айтады. Қазіргі таңда жас балаларды еркін күреске баулитын Гольцман қазақ тілін ауылда жүріп үйренген. Ал мемлекеттік тілді терең меңгеруге Шаңырақтағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа түскені себеп болады. "Жетінші сыныпта "Шаңырақтағы" спорт-интернатқа ауыстым. Осы жақта кәсіби спортшы боламын деген ойым нығая түсті. Сондай-ақ, интернатта қазақ тілін жетік меңгеріп алдым. Ауылда жүргенде де жақсы түсінетін едім. Мұнда келген соң қазақша таза сөйлейтін болдым. Өйткені, ағайларымның бәрі маған қазақ тілінде сөйлейтін. Қасымдағы елу баланың 49-ы қазақ балуандары еді. Сондықтан, мен тілді тез әрі оңай үйреніп алдым. Отбасымда қазақшаны таза сөйлейтін мен ғана. Әкем түсінеді, бірақ сөйлей алмайды. Жалпы, қазақ тілін үйренем деушілер үшін еш кедергі жоқ. Жазып-сызудан гөрі, тәжірибе жүзінде үйренген жеңіл. Барлығына осыны айтып жүремін", - дейді Александр. Иығындағы жарақатына байланысты спорттан ерте қол үзген Александр Гольцман ендігі бағын бапкерліктен іздеп жүр. Эмма Тисина, әйелдер күресі  Әйелдер күресінен Қазақстан командасының мүшесі, халықаралық турнирлердің жеңімпазы Эмма Тисина да қазақ тілін жетік меңгерген. Қостанай облысында дүниеге келген спортшы 57 келіде ел намысын абыроймен қорғап жүр. Ол қазақ тілінде еркін сөйлеп, БАҚ өкілдеріне жиі сұхбат береді. Алексей Михайлов, футбол Талдықорғандық "Жетісу" футбол клубының мүшесі Алексей Михайловтың қазақ тілінде берген сұхбаты әлеуметтік желіде тез таралды. Кейін белгілі болғандай, футболшы ислам дінін қабылдап, намазға жығылған. Алматы облысына қарасты Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылында дүниеге келген спортшы Абай өлеңдерін де жатқа оқиды. "Көршілеріміз кіл қазақтар еді. Аулада ойнасақ та, қуансақ та, жыласақ та қазақша тілдесетінбіз. Ағам екеуміз соларға ілесіп жүріп меңгеріп алдық. Тіпті мектепте оқып жүргенімде Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу сайысына қатысқанмын. Ұлы ақынның көптеген өлеңін жатқа білемін", - деді отандық БАҚ-қа сұхбат берген Михайлов. Марина Вольнова, бокс Әйелдер боксынан Қазақстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада жүлдегері Марина Вольнованың қазақша таза сөйлейтіні көпшілікке таңсыз емес. Қызылорда облысында дүниеге келген ол бүгінде қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, екі ұл тәрбиелеп отыр. "Олимпиададан келген соң бізге шексіз сый-құрмет көрсетті. Ризамын. Туып-өскен Қазалымның ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышына айналдым. Еліміздің астанасынан пәтер беріп, бүгінде сол үйде тұрып жатырмыз. Лондоннан келген соң жұлдыз болдық десем, артық емес (күлді). Менің Олимпиада жүлдесінен де бағалы дүнием бар. Бұл – отбасым. Өзі қазақ тілінде еркін сөйлеймін, қазақша тәрбиелендім. Сол себепті, қазақ жігітімен шаңырақ көтердім. Теміржан мен Даниал есімді екі ұлымыз өсіп келеді. Барлығы да қамырдан жасалған тамақтарды сүйіп жейді (күлді). Бешбармақ, манты, тұшпара – біздің үйде жиі жасалатын тағамдар", - дейді Марина. Бір қызығы, Олимпиададан кейін спорттан қол үзіп қалған Вольнова боксқа қайта оралып, Қазақстан чемпионатында жүлдеге ілігіп жүр.