Бейбіт Жұқаев пен Михаил Кукушкин Шанхай мастерс жарысының екінші айналымына жолдама алды

Бейбіт Жұқаев пен Михаил Кукушкин Шанхай мастерс жарысының екінші айналымына жолдама алды
Теннис

Қазақстан теннис федерациясы

Әлемнің 302-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Шанхай (Қытай) мастерс турнирінің екінші айналымына жолдама алды. Бұл 22 жастағы Бейбіт Жұқаевтың мансабындағы алғашқы мастерс жарысы, деп хабарлайды BasSport.kz.

Қазақстан теннис федерациясының мәліметінше, іріктеу сайысынан кейін негізгі жарысқа өткен Бейбіт бірінші айналымда әлемнің 252-ракеткасы италиялық Стефано Наполитаномен кортқа шықты. Қазақстандық теннисші 7:5, 7:5 есебімен жеңіске жетті.

Бейбіт Жұқаев үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 14-ракеткасы, ресейлік Карен Хачановпен кездеседі. Жарысты іріктеу сайыстарынан бастаған, дүниежүзілік рейтингте 245-орында Михаил Кукушкин бастапқы кездесуін әлемнің 81-ракеткасы франциялық Александр Мюллермен сәтті өткізді.

Бірінші партияда тай-брейкте франциялық спортшы 7:6 (8:6) есебімен басым түсті. Дегенмен содан кейін Кукушкин ойын тізгінін өз қолына ала білді – 6:3, 6:2.

Михаил Кукушкин екінші айналымда әлемнің 33-ракеткасы ұлыбританиялық Дэниел Эванспен шеберлік байқасады.