"Мұндай нәтиже бұрын-соңды болмаған": Әлия Юсупова гимнастардың топтық жаттығудағы аяқ алысын бағалады

Көркем гимнастикадан Қазақстан командасы үшін биылғы маусым сәтті басталды. Әлия Юсупова жаттықтыратын бас құрама топтық жаттығудан тұңғыш рет әлем кубогі кезеңдерінен жүлде алса, арнайы Ресейде дайындалып жатқан Эльжана Таниева бірнеше рет үздік үштікке енді. Bassport.kz тілшісіне сұхбат берген бас бапкер әрі Қазақстан гимнастика федерациясының президенті Әлия Юсупова спортшылардың аяқ алысын бағалап, алдағы жоспарларын бөлісті. - Әлия ханым, топтық жаттығуда бұған дейін әлемдік жарыстардан жүлде алған емеспіз. Команданың бұлай алға басуына не себеп болды? - Иә, қазіргі таңда қыздарымыз жақсы өнер көрсетуде. Топтық жаттығудан Қазақстан командасы Грекияның Афины қаласында ұйымдастырылған кубоктік кезеңде қола медаль еншіледі. Одан бөлек, Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен әлем кубогі кезеңінде екі қола, бір күміске қол жеткізді. Бұл біз үшін өте үлкен нәтиже. Бакуде өткен (Әзірбайжан) әлемдік сында қыздарымыз шығыршық және таспамен жаттығудан финалға шығып, үздік үштікті тұйықтады. Спортшылардың алға басуына басты себеп – командаға мықты бапкердің келуі. Қазір топтық команданы әлемдегі үздік мамандардың бірі, ресейлік жаттықтырушы Инна Быстрова қолға алды. Біздің елдегі көркем гимнастика тарихында алғаш рет гимнастарымыз топтық жаттығудан әлем кубогінен жүлделі орын алып жатыр. Бұрын-соңды тарихта мұндай болмаған. Бұл федерацияның жұмысында да ілгерілеушілік бар екенін көрсетеді. [caption id="attachment_4532" align="alignnone" width="1200"] Эльжана Таниева[/caption] - Эльжана Таниеваның әлемдік жарыстарда тұғырдан көрінетін сәті жиіледі. Үздіктер қатарынан орын алып жүрген талантты гимнастшы туралы не айтасыз? - Жекелей сында Эльжана Таниеваның көрсеткіші өсіп келе жатыр. Болгарияның София қаласында өткен әлем кубогі кезеңінде ұршықпен жаттығудан финалға шығып, қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ, Ташкенттегі әлем кубогі кезеңінде үшінші орын иеленді. Эльжана Таниева мен Сабина Бакатованы өзім жетелеп апарып, Ресейдегі Ирина Усманова-Винер академиясына табыстаған болатынмын. Қазіргі таңда Эльжана Яна Аринцеваның қоластында жаттығады. Оның көрсеткіштерінің жақсарғаны да Ресейдегі жаттығудың пайдасы. Бапкері де Эльжананың ынтасы жоғары, еңбекқор, талантты екенін айтады. Қазақстанға келгенде өзім жаттықтырамын. - Эльжананың жекелеген жаттығуда финалға шығып, әлемдік сындардан жүлде алғаны қуантады. Бірақ көпсайыстан финалға өту әзірге мүмкін болмай тұр... - Иә, төрт жаттығу қорытындысы бойынша Эльжана финалға шыға алмай жүр. Өйткені, оның бағдарламалары өте қиын. Сондықтан, оны үнемі таза орындап шығу үшін әлі де уақыт керек. Маусым енді ғана басталды. Таниева бабына енген соң қателіктер де азаяды деп ойлаймын. Кейде ол допты қолынан түсіріп алады, лентасын байлап алады. Мұның бәрі ұпайды азайтатыны анық. Қазіргі таңда осы олқылықтарды жою үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бүгін көркем гимнастикадан Қазақстан біріншілігі басталды. Төрешілермен де ақылдасып отырамыз. - Ал Сабина Бакатова айтарлықтай көзге түскен жоқ. Ташкенттегі турнирде ұршықпен жаттығудан жетінші орын алды. Оны да Ресейге жаттығуға жіберген едіңіз... - Өкінішке қарай, Сабина жарақатына байланысты наурыз айында елге қайтып келді. Ата-анасы да оның Мәскеуден қайта оралуына мүдделі болды. Қазір ол өзінің жеке бапкері Светлана Красниковаға қайта оралды. [caption id="attachment_4533" align="alignnone" width="491"] Сабина Бакатова[/caption] - Алда Азия чемпионаты мен жазғы Азия ойындары сынды маңызды додалар күтіп тұр. Сол бәсеке қарсаңындағы басты жоспарларыңыз қандай? - Біздің қазіргі командамыз өте жас. Тәжірибелі Алина Әділханова спортпен қоштасып, бапкерлікке бет бұрды. Бүгінде ол топтық команда бас бапкері Инна Быстроваға көмектесіп жүр. Қыздарымыз өте жас. Азия ойындарына қатысатын Өзбекстан командасы сапында Олимпиадаға жолдама алған Сабина Ташкенбаева бар. Ол 2000 жылы туған тәжірибелі әрі мықты спортшылардың бірі. Одан бөлек, Өзбекстан құрамасында Тахмина Икромова атты талантты гимнастшы бар. Токио Олимпиадасында 11-орын алған жапондық Кито Самурені есептен шығаруға болмайды. Бұл өте үлкен нәтиже. Біздің қыздарымыз әлі жас. Оларды әлемде әлі көп ешкім танымайды. Айбота Ертайқызы 2004 жылғы, Эльжана Таниева 2005 жылы туған. Әрине, жоспар бойынша Азия ойындарында жақсы өнер көрсетіп, мейілінше жоғары ұпай алуды көздеп отырмыз. [caption id="attachment_4534" align="alignnone" width="782"] Айбота Ертайқызы[/caption] - Қазіргі таңда команданың бірінші нөмірлі спортшысы кім? - Сөз жоқ, жекелеген жаттығу бойынша Эльжана Таниева бірінші нөмірлі спортшы. Азия ойындары қарсаңында мен командаға үшінші гимнастты іздеудемін. Үшінші спортшыны халықаралық жарыстар қорытындысы бойынша таңдап аламын. Жаз айында Таиландта өтетін Азия біріншілігіне Эльжана мен Айбота дайындалып жатыр. Топтық жаттығу бойынша командамыз да өнер көрсетеді. Сол сыннан соң Азия ойындарына баратын құрам жасақталады деген ойдамын.