БҚО-да шорт-трекшілер қысым көріп жатыр

БҚО-да шорт-трекшілер қысым көріп жатыр
Басқа

Батыс Қазақстан облысының жас шорт-трекшілері қысым көріп жатыр, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі. 

Осыдан 12 күн бұрын журналист Аслан Қаженов Оралдағы спорт жағдайын сөз етіп, өңірдегі мәселелерді ашып көрсеткен. Оның ішінде шорт-тректің де жағдайы ашық айтылған еді. Журналист өзінің Facebook парақшасында оралдық жас шорт-трекшілердің қандай жағдайда жаттығып жүргенін жариялаған еді. Олардың қорғаныс төсеніштерінің тозығы жеткен. Оған қоса, спортшылар жаттығу алдында оны мұз айдынға өздері тасып, одан соң өздері жинап, жыртығын жамайды екен. 

Облыстық спорт басқармасының орынбасары бұл мәселенің шешілетінін, мемлекеттік сатып алу арқылы жаңа төсеніштер алынатын, ал оған 30 миллион теңге қаржы бөлінетінін айтқан. 
Арада аз уақыт өткенде батыс қазақстандық шорт-трек шеберлері қысым көріп жатқандарын жеткізген. Аслан Қаженовтің әлеуметтік желіде жариялаған жазбасынан кейін спортшылардың жаттығу уақыттарын өзгерткен. Олардың мұзға сырғанау уақыттарын ыңғайсыз қойып, енді спортшылар жаттығуға таңғы 7-де келуге мәжбүр. 
Журналистің жазуынша, мұз сарайының басшылары басымдықты хоккейге беріп отыр. Өйткені, жергілікті "Ястребы" клубына биыл бюджеттен 400 млн теңге қаржы бөлінген. Ал клуб сапында бірде-бір жергілікті хоккейші жоқ. 
Ал Оралды қазақ шорт-трегінің шаңырағы десе де болады. Бүгінде әлемдік ареналарда жақсы нәтиже көрсетіп жүрген спортшыларымыздың көбі Батыс Қазақстаннан шыққан. Сондай-ақ, осы Оралдағы мұз сарайында жаттығатын 5 ұл мен 2 қыз шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы Олимпиаданың іріктеуінде ел намысын қорғайды.