Дембеле Мбаппені сыннан қорғады

Дембеле Мбаппені сыннан қорғады
Футбол

AFP

Франция құрамасының вингері Усман Дембеле ұлттық командадағы әріптесі Килиан Мбаппені қорғап сөйледі, деп хабарлайды Bassport.kz Championat.com сайтына сілтеме жасап.

Дембеленің айтуынша, көпшілік Мбаппеге қатысты тым қатал пікір білдіріп, оны орынсыз сынай береді.

«Адамдар оған әділетсіздік жасап жүр. Біз Килианды шамадан тыс сынауға әуестеніп кеттік. Ал ол — керемет футболшы. Мбаппе алаң сыртында да тамаша адам, мен оны көп жылдан бері жақсы танимын. Кейде адамдар оны тым қатты сынайды. Тек оның Килиан Мбаппе болғаны үшін ғана. Оған соншалықты қатал қараудың қажеті жоқ. Аяқкиімінің бауын байласа да, байламаса да өз еркі. Гетрін жоғары тартып кисе де, төмен түсіріп кисе де өзі шешеді. Мұның бәрі тым артық. Ең алдымен ол — адам. Сонымен қатар ерекше деңгейдегі футболшы. Ол біздің көшбасшымыз, Франция құрамасының капитаны және команда үшін аса маңызды ойыншы», — деді Дембеле.

Айта кетейік, соңғы уақытта мадридтік «Реалдың» шабуылшысы Килиан Мбаппе түрлі себептерге байланысты жиі сынның астында қалып жүр. Алайда Франция құрамасындағы әріптестері оның команда үшін маңыздылығын бірнеше рет атап өткен.