Қонаевта дәстүрлі Oceanman Kazakhstan халықаралық турнирі өз мәресіне жетті

Қонаевта дәстүрлі Oceanman Kazakhstan халықаралық турнирі өз мәресіне жетті
Басқа

Қонаев қаласында дәстүрге айналған Oceanman Kazakhstan халықаралық додасы өтті, деп хабарлайды BasSport.kz. 

 Биыл ашық суда жүзуден жарыс Астана қаласының 25 жылдық мерейтойына арналды. Жарысқа әлемнің 24 елінен 1400-ден астам қатысушы келді.


Бәсекенің ашылу салтанатында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев пен жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиндер сөз сөйледі. 

“Осындай додаға тек спортшылар ғана емес, әуесқойлар да қатыса алады. Үлкендер мен тәжірибесі барлар үшін бұл төзімділікті сынап көретін кезекті жарыс. Ал жастарға үлкен спортқа жол ашады”, - деді Дмитрий Баландин. 

 Спортшылар Қапшағай су қоймасында түрлі қашықтыққа жүзіп, 2 күн бойы бақ сынады. Ең қысқа қашықтық 800 метр болса, ең ұзағы - 5 шақырым. 


Жарысқа қатысушылар арасында танымал тұлғалар да бар. Мысалы, Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев, белгілі спорт функционері, бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі, Қазақстан дзюдо федерациясының вице-президерті Сәкен Мұсайбеков. Ол 1,5 шақырымды 28:09 минутта жүзіп өтті. Өз категориясында екінші орынға тұрақтап, әлем чемпионатында өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Жалпы есепте 415 қатысушының арасында 33-орынға жайғасқан. 

 Айта кетейік, аталған жарыс ең алғаш рет 2015 жылы Испанияда жалауын көтерген. Бүгінгі таңда «Oceanman» 15 мемлекетте тұрақты өтіп келеді. Былтыр Қонаевта өткен жарысқа 3000-ға жуық қатысушы мен жанкүйер жиналған еді. Биыл 1500-ға жуық спортшы бақ сынады.