Жәмилә Бақбергенова Мажарстандағы турнирдің күміс жүлдегері атанды
uww.org
Қазақстандық балуан Жәмилә Бақбергенова Венгрияның Будапешт қаласында өтіп жатқан әйелдер күресінен халықаралық рейтингтік турнирде күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап.
72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жарыс айналмалы жүйе бойынша ұйымдастырылды. Бақбергенова алғашқы белдесуінде Қырғызстан өкілі Қайыргүл Шаршебаеваны жеңсе, кейін Үндістан спортшысы Дикша Маликтен басым түсті.
Ал алтын жүлде үшін өткен шешуші кездесуде қазақстандық балуан Польша өкілі Виктория Холуйға есе жіберді. Финалдық белдесу 13:2 есебімен польяк спортшысының пайдасына аяқталды.
Осылайша Жәмилә Бақбергенова халықаралық рейтингтік турнирді күміс жүлдемен аяқтады.
Айта кетейік, Будапештте дәстүрлі түрде өтетін бұл турнир Біріккен күрес әлемі (UWW) ұйымының рейтингтік жарыстарының қатарына кіреді және оған әлемнің үздік балуандары қатысады.