Бүгін еурокубок ойындарының жеребесі тартылады
uefa.com
Бүгін, 20 шілдеде Швейцарияның Ньон қаласында еурокубок ойындарының үшінші іріктеу кезеңінің жеребесі тартылады, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап.
Жеребе нәтижесімен алматылық «Қайрат» пен қостанайлық «Тобылдың» ықтимал қарсыластары белгілі болады. Бұл салтанатты рәсім Қазақстан уақытымен 15:00-де басталады. Қазір «Қайрат» командасы UEFA Чемпиондар лигасы екінші іріктеу кезеңінде Кипрдің «Омония» клубымен кездеседі.
Алматылық команда бұдан бұрын бірінші іріктеу кезеңінде Черногорияның «Сутьеска» командасын (2:1, 2:0) қапы қалдырды. Ал 17:00-де «Тобыл» Конференция лигасы үшінші іріктеу кезеңіндегі қарсыласын анықтайды. Оған дейін қазақстандық команда екінші іріктеу кезеңінде Литваның «Паневежис» командасымен шеберлік байқасады.
Айта кетсек, бұдан бұрын бірінші іріктеу кезеңінде елордалық «Астана» Албанияның «Динамо Сити» (1:0, 1:4), семейлік «Елімай» Арменияның «Алашкертіне» (1:1, 2:2, пенальтиден 5:6) жол берді.