Ғалымжан Жылгелдиев: "Сметов пен Қырғызбаев жаңа салмақта өздерін енді көрсетеді"

Ғалымжан Жылгелдиев:
Дзюдо
Елімізде дзюдо балуандарына артылатын сенім мол. Елдос Сметов бастаған жігіттердің біразы халықаралық додалардан жүлде алып жүреді. Биылғы жылы Қытайда өтетін жазғы Азия ойындарында да татами шеберлеріне үлкен үміт артылады. Осы ретте дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымжан Жылгелдиевпен сұхбаттасудың сәті түскен болатын. Бас бапкер жақында өткен Антальядағы Grand Slam турниріндегі сәтсіздік пен алдағы жоспарын және осы спорт түріндегі басты проблемаларды айтып берді. Антальядағы сәтсіздік – Жақында Түркияның Анталья қаласында өткен Grand Slam турнирі өтті. Соған қатысып келдік. Қазақстаннан 13 спортшы барды. Ең жоғары нәтиже көрсеткен балуанымыз – 73 келідегі Жансая Смағұлов. Ол жартылай финалда грузин балуанымен белдесуде аяғынан жарақат алып, үшінші орын үшін де татамиге шықпады. Жарыстардың барлығында 100 пайыз формада болу мүмкін емес. Бар күшіміз Азия ойындары мен әлем чемпионаттарында көрсетеміз. Әзірге Гран-при, Грэнд Слам осы додаларға дайындық іспеттес. Алдағы жоспар – Маусым айынан Париж-2024 Олимпиадасына ұпай жинау басталады. Алғашқысы Моңғолияда өтеді. Оған дейін Грузияда Grand Slam бар. Гүржі еліне Қазақстанның үшінші нөмірлі балуандары барады. Моңғолияға Қазақстан чемпионатында 1-2 орын алғандарды жібереміз. Анталияда кейін аздап демалыс берілді. Ал 16 сәуір қайта оқу-жаттығу жиыны басталады. Мұнда физикалық дайындыққа назар аударылады. Сосын Ташкентте халықаралық лагерьге барып, әрі қарай шеберлігімізді шыңдаймыз. Сметов пен Қырғызбаев жаңа салмақта неге нәтиже көрсетпеді? – Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев 60 келіден 66-ға ауысты. Мұны барлықтарыңыз біледі. Әзірге жаңа салмаққа үйренісіп жатыр. Екеуі де атақты спортшылар. Оларға сенемін. Әрине, бірінші жарыста кемшіліктер болды. Әр нәрсе өз уақытымен ғой. Мықты спортшылар бірден барлық потенциалын көрсетпейді. Елдос пен Ғұсманның жаңа салмақтағы жетістіктерін алдағы ірі додалардан көретін боласыздар. Біз тек Сметов пен Қырғызбаев екеуімен ғана шектеліп қалмаймыз. Жастарға да мүмкіндік береміз. Тбилисиге жастарды апарамыз. Сол жерде жақсы нәтиже көрсеткендерді де ескереміз. Әрдайым жас спортшыларды да дайындап келе жатырмыз. Резервке мән беріп отыруға тиіспіз. Жастарда ағаларына өсуі қажет. Бәріне бірдей мүмкіндік беріледі.  Жансайдың да ізбасары бар – 73 келіде Жансая Смағұлов – ұлттық құрама көшбасшысы. Екі Олимпиадаға қатысқан. Оның ізбасары ретінде Данияр Шамшаевты айта аламыз. Былтыр Қазақстан чемпионатында екінші орын алған. Екеуі бірге спаррингтік кездесулер өткізіп жүр. Ал 90 келідегі Ислам Бозбаев биыл 100 келіге ауысты. Оның жасы келді деп сыртқа ысыра салмаймыз. Бұл спортшыларымызға да қолдау көрсету керек. Жастар соларға қарап өседі. Исламдарды әділ бәсекеде жеңіп жатса, керемет емес пе? Алдағы уақытта кімнің бабы келісіп тұрса, сол Азия ойындарына, әлем чемпионаттарына барады. Ешкімді атақ-дәрежесіне қарап бағаламаймыз. Нақты сол кездегі дайындығына қарап аламыз. Антальяға спортшылар өз облыстарының қаражатымен барды – Өздеріңіз білесіздер, Үкіметтің қаржысы Ұлттық Олимпиада комитетінен «Спортты дамыту дирекциясына» беріліп жатыр. Сондықтан құжат жүзінде әлі толық реттелген жоқ. Сондықтан Түркиядағы жарыстарға балуандарымызға жергілікті спорт басқармаларының қаржысымен барды. Сол облыстарға, спорт мектептерінің директорларына алғысым шексіз. Жарыстан қалып қоймасын деп, бар күштерін салды. Дәрігер мен массижист болмады – Антальяға тек спортшылармен өзіміз ғана бардық. Ал біздің қасымызда балуандардың аяқ-қолын уқалайтын массажист немесе дәрігерлердің бірде-біреуі болған жоқ. Өйткені олардың жолына қаржы бөлінбеген. Жарыс кезінде олардың жұмысы өте маңызды. Қаражаттың дұрыс бөлінуі – спортшыларға мотивация  – Қаражат дұрыс бөлінсе, спортшыларға мотивация. Егер уақытылы жалақыларын алып тұрса, күреске деген құлшыныстары да азайып кетеді. Көбісі, үйленген, отбасыларын ойлайды. Қаржатсыз қалай нәтиже сұрайсың? Қарны тоймай, медаль күтудің өзі ыңғайсыз. Олардың спорттық киімдері, дәрумендері уақытылы алынып, жалақылары дұрыс төлену керек. Сұхбаттасқан Бек Төлеуов.