Элина Базарова: Испаниядағы әлем біріншілігіне бармай қалуым да мүмкін еді

Элина Базарова: Испаниядағы әлем біріншілігіне бармай қалуым да мүмкін еді
Бокс

Былтыр қараша айында Испанияның Ла-Нусия қаласында бокстан жастар арасында әлем чемпионаты өткен болатын. Байрақты бәсекеде отандастарымыз арасынан Бақыт Сейдіш (66 келі) пен Элина Базарова (54 келі) топ жарған еді. Соңғысы тек жеңісімен ғана емес, күлкісімен де жанкүйерлердің жүрегін баулап алған болатын. Бокс – әдетте ерлердің спорты деп жатамыз. Бірақ қазір қолына бокс қолғабын киіп, груша ұрып жүрген аруларымыз да жетерлік. Ел арасында боксшы қыздарға қатысты қалыптасқан бір стеротип бар. Яғни, сұсты, жұдырығы жуан, қызға тән майысу, сүйкімділіктен ада деп ойлап жатады. Бірақ осының бәрін жоққа шығаратын боксшының бірі осы – Элина Базарова. Жақында Элинамен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Элина, жақында Алматыда оқу-жаттығу жиыны өтіпті. Әңгімені осыдан бастасақ...

– Иә, Алматы облысына қарасты Бәйтерек ауылында оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Мен биыл ұлттық құрамаға қабылдандым. Сондықтан әйелдер арасындағы әлем чемпионатына қарсаңында қыздарға көмектестік. Менің салмағымда, яғни 54 келіде Жайна Шекербекова ел намысын қорғайды.

– Көктеммен бірге әйелдердің де мерекесі қатар келеді. Халықаралық мейрамды қалай атап өттің?

– Әкем мен жездем сыйлықтарын беріп қуатты. Оқу-жаттығу жиынынан кейін бірден мейрамда сыйлыққа кенеліп, қуанып қалдық.

– Әлем чемпионатынан кейін танып, құттықтап жататындар көбейді ме?

– Әлеуметтік желімен қатар көшеде құттықтап, суретке түсетіндер бар. Мұның бәрі мен секілді жас спортшыға мотивация береді.

–Испаниядағы әлем чемпионатына оралсақ, Пиреней түбегіне барудың өзі мұң болған көрінеді. Неліктен қатыспай қалу қауіпі төнді?

– Былтыр наурыз айында Иордания астанасы Амманда жастар арасында Азия чемпионаты өткен. Ол жарысқа менің салмағымда Виктория Байдукова барды. Ол жеңімпаз атанды. Сондықтан әлем чемпионатына да Виканы жібермекші болды.

– Азия чемпионатының алдында екеуін кездеспедіңдер ме?

– Шаршы алаңда кездестік. Біздің жекпе-жегімізді аға бапкер Елдос Сайдалин өзі келіп тамашалаймын деген. Бірақ ол болмады. Тең дәрежедегі бокс бәсекесі өтті. Төреші Виканың қолын көтерді. Сөйтіп, құрлық біріншілігіне ол кетті. Кейіннен де Елдос Сайдалин өзінің «сүйікті спортшыларын» жарыстарға апара берді. Басқаларды қарастырмады. Әлем чемпионатынан да тыс қалып қоя жаздадым.

– Сосын мәселе қалай шешілді?

– Бапкерім Нұрбота ағай және Шымкентте жасөспірімдер қыздардың аға бапкері Алмас Қуатбеков бар. Сол кісілердің араласуымен әділдікке жету үшін соңына дейін барымызды салдық. Оның үстіне, Сербияда өткен турнирде жеңімпазы атандым. Маған үздік боксшы номинациясы берілді. Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков жеңісімді көрді. Қалай бокстасатынымды байқады. Соның арқасында әлем чемпионатына қатысатын құрама тізіміне ендім.

– Әлем чемпионатында төрт жекпе-жек өткіздің. Ең қиыны қайсысы болды?

–Алғашқы кездесуде жапон және үнді боксшыларымен кездесуде көп күш жұмсап қойдым. Сосын жартылай финалда әлсіздік пайда болды. Нидерланды қызымен кездесу тартысты өтті. Маған біраз қиындық тудырды.

– Сол додадан кейін көзін көгергенін байқадық. Қазір жазылды ма? Қыз балаға көздің көгергені қиын шығар?

– Әрине, оңай емес. Әдемі болып жүргің келеді. Үндістандық боксшымен кездесуде басымыз соғысты. Сол кезде көзім көгерді. Қазір жазылып келеді.

– Бапкерлерің туралы айтып өтсең?

– Нұрбота Сейітбек пен әйелдер боксынан ұлттық құраманың бас бапкері Шәміл Сафиуллиндің қарамағында жаттығып жүрміз. Екеуі де ақыл-кеңестерін айтып отырады.

– Спортшылар жарыстар мен оқу-жаттығу жиындардың арқасында шетелге көп шығады. Алдағы уақытта қай елді болғың келеді?

– Оңтүстік Корея мен Парижге барғым келеді.

– Парижге барудың бір жолы Олимпиада...

– Иә (күлді). Бұйырғанын көреміз. Мен қазір ұлттық құрамада өз салмағымда үшінші нөмірмін. 54 келі Олимпиада бағдарламасына қосылған. Мүмкіндік болса, төрт жылдықтың басты додасына қатысуды қалаймын. Биыл енді жазғы Азия ойындары бар.

– Қай боксшы ұнайды?

– Өзім Жайна Шекербектің еңбекқорлығын, жеңіске деген жігерін жоғары бағалаймын.

– Бокстан басқа қандай спорт түрлеріне қызығасың?

– Волейбол мен баскетбол ұнайды. Өзім де жақсы ойнаймын. Оқу-жаттығу жиындары кезінде баскетбол, футбол ойнатып тұрамыз. Футболға бірақ аса қатты қызығушылым жоқ.