Дамир Рыспаев: «Маған қытайлардың сазайын беру туралы тапсырма түсті»

«Барыс» хоккей клубының экс-ойыншысы, ҚХЛ-дегі атақты тафгайлардың бірі болған Дамир Рыспаев жақында «Скользкий лед» YouTube арнасына сұхбат беріп, спорттық карьерасын еске түсірді, деп хабарлайды Bassport.kz.

Ол үш жылдан бері хоккей ойнауды қойған.

Қазір кәсіпкерлікпен айналысып жүрмін. Карантин кезінде Өскеменде болдым. Туыстарымның арасында қайтыс болғандарды жерлеу, қабір қазумен айналысатындар бар. Соларға да көмектестім. Хоккейден кеткеніме үш жыл болыпты, - дейді Дамир Рыспаев.

Ол қазір хоккей қарап тұратынын, тіпті командаға шақырғандар болғанын да айтқан. Алайда кәсіби түрде айдынға шығуға құлшынысы жоқ екен. Ол 2016 жылы Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» хоккей командасының төрт бірдей ойыншысын ұрып жыққан болатын. Сол кезде көпшілікке танылды. Дамир мұз айдындағы төбелес мүлдем басқа деп отыр.

Сол үшін мен мұз айдынына боксшыларды шақырып, олардан көп нәрсе үйрендім.Төбелес кезінде маған ең ыңғайсыз қарсылас Александр Свитов болды. Өйткені оның бойы тым ұзын.Қарсылас команданың ойыншысымен жекпе-жекке шығар алдында анама теледидарды қоспаңыздар деп ескерту жасайтынмын, - дейді ол.

Атақты тафгай қазақстандықтардың көбісі хоккейді жете түсіне бермейді. Алайда төбелес элементі қосылғаннан бері отандық жанкүйерлер белгілі бір деңгейде хоккейге қызыға бастады деп отыр.

«Куньлунь» командасымен төбелес маусым алдындағы турнирде кеткен есені қайтару болды. Өйткені, естеріңізде болса, жолдастық кездесуде қытайлық команданың екі ойыншысы біздің көшбасшыларымыздың аяғын сындырды. Дастин Бойд төрт айға кетті. Мен бұл ойында болмағанмын. Келесі кездесуге қатысарда «бәрінің сазайын тарттыру керек» деген тапсырма түсті. Соны орындадым, - дейді Дамир Рыспаев.