Ресейдегі этникалық қазақ футболшысы: Отбасымыздағы қан тазалығын мен бұзғалы жүрмін
Сырт елде туып мықтылығымен мойындалып жатқан қазақтар аз емес. Соның бірі – Исламжан Насыров. 24 жастағы футболшы 2022-2023 жылғы маусымнан бастап, Туланың «Арсенал» клубында ойнап жүр. Егер ұлттық құрамадан шақырту түссе, тарихи отанына оралудан кетәрі емес. Bassport.kz.тілшісі футболшымен сұхбаттасып көрген еді.
Ол Носта», «Урал» Екатеринбург, «Оренбург», «Тюмень» клубтарында ойнаған. Қазір «Арсенал» (Тула) командасының қорғаушысы.
– Ислам, қай жерде дүниеге келгенсің?
– Ресей Федерациясына қарасты Орынбор облысының Новоорский ауданында дүниеге келгенмін. Сол жақта Лужки деген ауыл бар. Балалық шағым осында өтті. Жақындарым әлі де сонда тұрады.
– Өзің айтқан Орынбор кезінде қазақтың жері болғанынан хабарың бар ма?
– Білемін, бір кездері бұл шаһардың Қазақстанның астанасы болғанынан да хабарым бар.
– Үйде отбасың қаншалықты қазақтың салт-дәстүрлерін ұстанады, қазақша сөйлейтіндер бар ма?
– Ешқашан ата-баба дәстүрін ұмытқан емеспіз. Әжем, әке-шешім қазақша сөйлейді. Біздің ауылда негізінен тек қазақтар тұрады. Сондықтан салт-дәстүр де, тіл де ұмыт бола қоймас деп ойлаймын.
– Өзің ана тілінді үйренуге талпынбайсың ба?
– Ана тілімді жақсы білмегенім үшін ұяттымын. Үйдегілер қазақша сөйлей жөнелгенде кейбір сөздерді түсінбей қалатыным рас. Біртіндеп ол олқылықты түзеуге тырысамын.
– Отбасың туралы айтып өтсең? Үйде сенен бөлек тағы кім спортқа қызығады?
– Әкем бокспен шұғылданған, ал анам жеңіл атлетикамен әуестенген. Әпкем де бірнеше спорт түріне барып көрді, бірақ бұл салаға бейімі жоқ. Сондықтан дәл қазір кәсіби түрде спортпен айналысып жүрген мен ғана.
– Қаншалықты қазақ екенінді сезінесің? Мысалы, 1998 жылы Франция құрасымен әлем чемпионы атанған Юрий Джоракефф Францияда туған, сол елдің азаматы. Бірақ соған қарамастан өзінің армян екенін ұмытқан емес. Сенде сондай ұлттық сезім бар ма?
– Әрине. Тұла бойымда қазақтың қаны ағып жатыр. Ендеше неге өзімді қазақ сезінбейді екенмін?!
– Осыдан 4-5 жыл бұрын сұхбатыңда руыңның ормантай екенін айтқан екенсің. Қазақта жағалбайлы-ормантай деген ру бар. Сен туған Орынборда осы рудан шыққан адамдар көп. Руың туралы, шыққан тегің жайлы үйдегілерден сұрап көрдің бе?
– Иә, шыққан тегіңді білген дұрыс қой, біз Кіші жүзден тарағанбыз. Біраз туысымыз Қазақстанда тұрады. Біздің отбасымызда барлығы қазақ. Басқа ұлттың қаны араласпаған. Мен сол дәстүрді бұзайын деп жүрмін (күлді). Өйткені сүйіктім орыс қызы. Әзірге ұсыныс жасамадым. Бірақ алдағы уақытта үйлену жоспарда бар.
– Егер футболшы болмасаң кім болар едің?
– Жеңіл атлет. Жаңа маусымда «Арсенал» жейдесің кидің? Тез үйренісіп кеттің бе? Командада жаңа ойыншылар көп. Сондықтан оңай болды. Ешқандай проблема болған жоқ. Ардагер ойыншылар да қолдауын көрсетті.
– Қазақстан премьер-лигасын қарап тұрасың ба?
– Аса көп емес. Арасында реті келгенде ойындарды көремін. 2020 жылдың қысында Түркістанның «Тұран» клубы шақырған. Сол кезде олар премьер-лигаға енді өтті. «Урал» мен жалға ойнауға жіберген. Түркиядағы оқу-жаттығу жиындарына бардым. Бірақ ұйымдастыру жұмыстары көңілімнен шықпады. Агентімнің ұсынысымен «Түменге» ауысып кеттім.
– Сенде екі азаматтық бар ма?
– Жоқ, тек Ресей азаматтығы ғана бар. Қазақстан құрамасынан шақырту түссе, ойланып көруге болады.
– Қазақстан футбол федерациясы тарапынан қызығушылық болды ма?
– Дәл қазір білмеймін. «Уралда» ойнағанымда агент мені бақылап жүргенін айтқан. Бірақ ол кезде төлқұжат дайындамады.
– Қазақстанның ең үздік ойыншысы кім?
–Бактиер Зайнутдинов.100 пайыз сол деп ойлаймын. ЦСКА клубында барлық позицияда ойнайды. Шабуылға жақын позициядағы футболшы қазір орталық қорғаушының рөлін атқарып жүр Тіпті, матчтарда үздік атанғанын көрдім.
– Шетелдік командалардан кім ұнайды, бала кезінде кумирің кім болды?
– Клубтардан «Манчестер Сити» мен «Ливерпульді» бөліп-жарып айта аламын. Бұл екі клуб әлемге футбол дегеннің қандай болуы керектігін көрсетіп жатыр деуге болады.
Ешкімнің ерекшелеп атын атамай-ақ қояйын, әр кезеңде өзінің мықтылығымен мойындалған ойыншылар бар ғой.