Абиба Әбужақынова: Финалда екі қазақ қызы келісіп, өтірік күрескенімізде алтын бермес еді

Абиба Әбужақынова: Финалда екі қазақ қызы келісіп, өтірік күрескенімізде алтын бермес еді
Дзюдо

Дзюдодан жақында Португалияның Алмада қаласында Гран-при өтті. Осы байрақты бәсекеде қыздарымыз бір алтын, бір күміс медальға қол жеткізді. Бір қызығы, екі медаль да бір салмақта бұйырды. Яғни 48 келіге дейін салмақта Абиба Әбужақынова мен Ғалия Тыныбаева шешуші кезеңде өзара белдесіп, бас жүлде алғашқысына бұйырды. Bassport.kz тілшісі чемпион атанған спортшымен аз-кем тілдескен еді.

Өздеріңіз білетіндей, тарихи жағдай. Бұған дейін гран-приде екі қазақ қызы финалда белдесіп көрмедік. Біз тарих жасадық.  Ғалия екеуіміз бұрын өзара күресіп жүргенбіз. Бірақ мынандай халықаралық жарыста, оның үстіне финалда алғаш рет жолығып отырмыз. Ал ішкі біріншілікте алма-кезек жеңіп жрміз. – дейді балуан.

Финалға екі қазақстандық спортшы шыққан соң, алтын мен күміс еліміздің атына жазылатыны белгілі. Ұлттық құрама үшін қайсысы алтын, қайсысы күміс алса да айырмашылығы жоқ болатын. Ал спортшыларға қалай десек те мұндай мүмкіндікті мүлт жібермей, чемпион болу маңызды еді.

Қазақстан әнұранын бірге орындап, туын бірге көтеретініміз түсінікті еді. Дегенмен, бірінші орын үшін соңына дейін таластық. Ешқандай өкпе-жоқ. Татамида қарсыласпыз, өмірде доспыз. Жарыс болған соң, чемпион болу маңызды, – дейді Абиба.

Егер екеуі де күреспей, тек уақыт өткізіп, ескерту алумен шектелсе, өкінішті болуы мүмкін еді. Өйткені, Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) мұндайда екі спортшыға да алтын бермей, екінші орынды ұстата салуы әбден мүмкін.

Бапкерлеріміз келіспей күресіңдер деп айтты. Жаттықтырушыларымыз қатты қуанды. 48 келіге дейін салмақта екі топтан кіл мықтылар арасынан қазақ қыздарының жарып шығып, финалға өткені оларды да толқытты. Алда 3-4 күнде Парижде жарыс бар. Ғалия екеуіміз сол додаға да қатысамыз. Сондықтан осы жетістігімізді қайталағымыз келеді, – дейді дзюдощы қыз.

Бүгін Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) Португалияда өткен Гран-при жарысынан кейін әлемдік рейтингті жаңартт ы. Абиба Әбужақынова 8-ден 6-ға, Ғалия Тынбаева 52-ден бірден 37-ге дейін көтерілді.

Олимпиада рейтингінде үшінші, әлемдік рейтингте алтыншы орында тұрмын. Кешегі жеңісіме 700 ұпай берді. Әлем чемпионатында жапониялық балуанға есе жібергім келеді. Алдағы уақытта соны ұтсам деймін. Одан бөлек, француз балуаны бар. Одан бір рет жеңіліп, бір рет басым түскенмін. Қалғандарымен күресуге болады, - дейді Абиба Әбужақынова.