Асхат Житкеев: Алдағы уақытта елімізде Grand Slam турнирін өткіземіз

Асхат Житкеев: Алдағы уақытта елімізде Grand Slam турнирін өткіземіз
Дзюдо


Қазақстан дзюдо федерациясының вице-президенті Асхат Житкеев елімізге үш дүркін Олимпиада чемпионы Тедди Ринердің не үшін келгенін айтып, команданың осы маусымдағы басты мақсаттарына тоқталды, деп жазады Bassport.kz.

«Тедди Ринерді шақырудағы басты мақсатымыз – ауыр салмақтағы балуандарымыздың шеберлігі мен сенімділігін арттыру. Осындай әлемге әйгілі спортшымен бірге жаттығу арқылы біздің батырларымыз да жігерлене түседі деп ойлаймыз. Қазір аса ауыр салмақтағы нәтижелеріміз айтарлықтай жақсы емес. Десе де, талантты жігіттер бар. Соларға мүмкіндік беріп, алдағы Париж Олимпиадасына жолдама алсақ деген ойымыз жоқ емес. Осы уақытқа дейінгі Олимпиада ойындарында ауыр салмақта бақ сынап келдік.

Тек Токио додасында лицензиясыз қалдық. Аталған олқылықтарды түзетсек деген мақсат бар. Теддиді шақыртуға біздің команданың кеңесшілері – француз мамандары үлкен үлес қосты. Қазір балуандардың күн сайынғы жаттығуына ерекше назар аударып жатырмыз. Ринер үнемі өзіне спарринг қарсыластар іздеп жүреді. Егер жиырмадан аса балуан болса, біздің елге қуана келетінін айтқан. Міне, бүгінде ол Қазақстан құрамасы балуандарымен бірге тәжірибе алмасып, жаттығу үстінде», - дейді Житкеев.

Сондай-ақ, вице-президент алдағы төрт жыл ішінде Қазақстанда Grand Slam турнирін өткізу үшін мүмкіндіктер қарастылып жатқанын жеткізді.

«Осы күнге дейін Қазақстанда әлемдік деңгейдегі біршама жарысты ұйымдастырдық. Біз өткізбеген екі турнир ғана қалыпты. Бірі – жастар арасындағы әлем чемпионаты, екіншісі – Grand Slam бәсекесі. Қазіргі таңда Grand Slam додасын өткізу үшін мүмкіндіктер қарастырып жатырмыз. Ал дзюдодағы ірі турнирлердің бәрін дерлік абыроймен атқардық. Оның ішінде 2015 жылғы әлем біріншілігі де бар», - дейді Асхат Житкеев.