"Көпшілік мені Бензамаға ұқсатады": Денис Никиша әлемдік рейтингте көш бастады
Алматыда шорт-тректен әлем кубогінің үшінші кезеңі аяқталды. 9-11 желтоқсан аралығында "Халық Аренада" өткен әлемдік жарысты қазақстандықтар жалғыз жүлдемен аяқтаған болатын. Тәжірибелі Денис Никиша 500 метрге жүгіруден күміс медаль жеңіп алды. Бұл Денистің жекелей сында жеңіп алған биылғы маусымдағы екінші күмісі. Осы орайда, Bassport.kz құрама үздігін аз-кем сөзге тартқан еді.
- Денис, жарыстағы нәтижеңізді қалай бағалайсыз?
- Барлығы жоспар бойынша келе жатты. Финалда екі түрлі жоспар құрып, біреуін таңдаған едік. Бірақ біз таңдаған нұсқа орындалмай қалды.
- Күмісті қомсынғандай көріндіңіз... Әлде бізге солай байқалды ма?
- Бұл - биылдыққа жеңіп алған екінші күміс медалім. Мәреге жеткен соң, екіұдай күй кештім. Бір жағынан жүлделі болғаным үшін қуандым. Ал алтынға қолым жетпей қалғанына аздап өкіндім.
- Жартылай финалдағы кішігірім қателік болмағанда, финалды бірінші жолақтан бастайтын едіңіз...
- Иә, себебі - бұл шорт-трек. Шорт-тректе ештеңенің алдын алу мүмкін емес. Бәрі ойламаған жерден болады.
- Әлем кубогінің үш кезеңінен кейін 500 метрге жүгіруден әлемдік рейтингте көш бастадыңыз. Жалпы есепті қадағалап тұрасыз ба?
- Негізі, жақсы көрсеткіш. Көңілім толды. Осы беттен қайтпау керек. Бірақ әлемдік рейтингті мүлде қарамаймын десем, өтірік емес.
- Қазір футболдан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Матчтарды қарау мүмкіндігі бар ма? Көпшілік сізді Карим Бенземаға ұқсатып жатады...
- Шынымды айтсам, мүлде футбол қарамаймын. Ал көпшілік мені Бенземаға ұқсайсың деп жатады... Меніңше, ұқсамайтын сияқтымын.
- Әңгімеңізге рахмет!