"Ташкентте бәрімізге қиын болады": Сәкен Бибосынов Хасанбай Досматовтан неге ұтылғанын айтты

Бокс

Бокстан Қазақстан командасының үздігі, 2021 жылғы әлем чемпионы Сәкен Бибосынов Bassport.kz тілшісіне сұхбат беріп, Азия чемпионатын қорытындылады. Спортшының айтуынша, финалдағы жеңіліске өзінің қателігі мен төрешінің бұра тартуы себеп болған. 


 - Сәкен, Азияның күміс жүлдесі құтты болсын! Сізді алтын алады деп күтіп едік...

 - Иә, бұл жолы күміс бұйырды. 9 жігіт финалға шығып, жалпы есепте көш бастаймыз деп ойлаған едік. Бұл жолы біз ойлағандай болмады.  Күміс те медаль ғой, барлығына шүкірлік етемін. 

Финалда қай жерден қателік кетті деп ойлайсыз?

- Хасанбай Досматов жай боксшы емес. Жай боксшы Олимпиада чемпионы болмайды ғой. Бірақ былтыр оны айқын басымдықпен, әдемі жеңген едім. Осы жолы да солай боларына сендім. Бірінші раундта бапкерлерім жақсы тактика қойып берген. Сол кезеңде 3:2 есебімен ұтыппын. Алайда ұтылып жатырмын деген оймен тактиканы өзгертіп жібердім. Бұл менің қателігім еді. Осының салдарынан жеңілдім. Негізі, бірінші және үшінші раундта Досматовтан басым болғаным рас. Төрешілер бұра тартты аздап. Қазыларды кінәламаймын. Тек бір бас жоғары болмай, оларға өзім мүмкіндік беріп қойдым. Енді одан есе қайтару үшін тынымсыз еңбектенімін. Есе қайтаруға барымды саламын. 

 - Келесі жылғы әлем чемпионаты Ташкентте өтетінін ескерсек, есе қайтару да оңай болмайтын сияқты...

 - Ташкентте бәрімізге қиын болары анық. Маған ғана емес, біздің барлық боксшыларға оңай соқпайтыны анық. Бірақ біз еш мойымаймыз. Төрешілердің де жұмысында шаруамыз жоқ. Біз қарқынды күшейтіп, қазіргіден де мықты боларымызға сенемін. 

 - Азия чемпионатының жартылай финалында жапондық әлем чемпионы Томоя Цубоиді ұттыңыз. Ол да былтырғы әлем чемпионы. Кездесу сіз үшін қалай өтті?

 - Белградтағы әлем чемпионатында Цубои біздің Махмұд Сабырханды жеңіп, чемпион атанған еді. Бұл кездесу маған қатты қиындық тудырған жоқ. Бапкерім Мырзағали Айтжанов жақсы тактика қойып берді. 

- Биылғы маусымда көп жарысқа қатыспадыңыз. Чемпионат кезінде бұл кері әсерін тигізбеді ме?

 - Рас, былтырғы маусым мен үшін өте тығыз кестемен өткен еді. Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаты бір жылда өтіп, екеуінен де олжалы оралдым. Биыл бапкерлерім де көп турнирге қатыстырмай, Азия чемпионатына бабымда баруымды ойлады. Бір жағынан өте жеңіл сезінеді екенсің...

 - Алдағы маусымға жоспар көп пе?

 - Өте көп. Азия ойындары, әлем чемпионаты күтіп тұр. Әрі қарай Париж Олимпиадасы да жақын. Келесі жылы Олимпиада жолдамасы сарапқа салынады. Лицензия үшін тартыс басталады. Енді бізге еш босаңсуға болмайды.