"Бір көзім 15 пайыз ғана көреді": Азия ойындарында финалға шыққан Мейіржан Шермаханбет кілемге қалай оралды?

Азиада 2023

Грек-рим күресінен Азия ойындарының күміс жүлдегері Мейіржан Шермаханбет Bassport.kz тілшісіне сұхбат беріп, ұзақ үзілістен кейін кілемге оралудың қаншалықты қиын екенін айтты. Спортшы 2022 жылғы Азия чемпионатынан соң көзінен жарақат алып, біраз уақытын емге жұмсаған болатын.

«Жаттығу бастағаныма үш айдай уақыт болды. Жарақатыма байланысты бір жыл екі ай бойы күреспедім. Тіпті, жаттығу да жасай алмадым. Шетелде көзіме екі рет ота жасалды. Бірақ жарақат қанша жерден жанымды жесе де, кілем өзіне тартып тұрады. Күресте әрбір күннің өз үлесі бар. Ал бір жылды жоғалту деген...

Азия ойындары оңай болмады, мойындау керек. Үш ай жаттығумен құрлық додасына қатысу үлкен күшті талап етеді екен. Ханчжоу кілемінде таиландтық балуаннан басқасының бәрі қиынға соқты. Қытайлық балуан өте тәжірибелі, Азия чемпионатында медаль алып жүрген бала. Оны 10:8 есебімен жеңдім. Ирандық балуаннан 0:7 есебімен жеңіліп тұрып, жауырынын жерге тигіздім. Финалдағы жапон жігіті жастар арасындағы әлем чемпионы.

Мұндай үзілістен кейін бабыңа ену қиын соғады екен. Ал Азия ойындарындағы балуандардың барлығы үздіксіз жаттығу жасап келген. Күресті сағыныппын. Барымды салдым. Алтынға бір ғана қадам қалғанда жеңілген бәрібір ауыр...

Жарақатыма келер болсам, бір көзім 15 пайыз ғана көреді. Дәрігерлер менің күресуіме рұқсат берген жоқ. Мен жауапкершілікті өзіме алып, қолхат жазып бердім. Содан соң ғана күрестіреді. Күрес – бұл менің қалауым.

Бұйырса, ендігі мақсатым – Париж Олимпиадасына жолдама алу. Азия ойындарындағы жүлдемді барша қазақ еліне арнаймын», - деді Мейіржан Шермаханбет.


Фото: Тұрар Қазанғапов