"Екі рет ота жасалды": бір жылдан бері күреспеген Мейіржан Шермаханбет жайлы бапкері не деді
Мейіржан Шермаханбет грек-рим күресінен Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Қазақ балуаны ауыр жарақатынан соң кілемге енді оралған, деп жазады Bassport.kz тілшісі.
Балуанның бапкері Нұрым Дүйсеновтің айтуынша, бір жылдан аса уақыт бойы күреспеген Мейіржанның бұл жетістігін жоғары бағалау қажет.
"Мейіржан жақында ғана кілемге оралды. Ол ауыр жарақаттан соң екі рет ота жасатып, бір жыл бойы кілемнен сырт қалған. Сондықтан оның бүгінгі биігі - осы. Бұдан артыққа бара алмайтын еді.
Одан бөлек, топтағы қарсыластары өте мықты. Мәселен, қытайлық балуанды алайық. Ол жақында кубалық әлем чемпионын жеңіп, рейтингтік турнирде топ жарған. Иран балуаны да мықтылар қатарында.
Мейіржан Шермаханбеттің ең негізгі мақсаты - осы салмақта Париж Олимпиадасына жолдама алу", - деді Нұрым Дүйсенов.
Фото: Тұрар Қазанғапов