"Бірыңғай бесінші орыннан шаршадым": Нұрлыхан Шархан Азиададағы қола жүлдені көп күткенін айтты

Азиада 2023

Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарында дзюдошылар бәсекесі аяқталды. Құрлық додасында Қазақстан командасына бір күміс және төрт қола медаль бұйырды. Ал команда мүшесі Нұрлыхан Шархан өзінің ірі жарыстардағы екінші жүлдесін иеленген болатын. Bassport.kz тілшісіне сұхбат берген спортшы қола медаль алғанда неліктен қатты қуанғанын, мотивацияны кімдерден алатынын және бойы ұзын қарсыластарымен қалай күресетінін айтып берді.

- Нұрлыхан, қола жүлде алғанда ерекше қуанғаныңды көрдік. Маусым бойы медальға қол созым жерде қалғаның қатты әсер еткен сияқты...

- Иә, дұрыс айтасыз. Мен бұған дейін Азия біріншілігінде жүлдеге іліктім. Ал осы жылы бес-алты Grand Slam турнирінде бесінші орынды қанағат еттім. Үнемі қола жүлдеге күресемін де, ұтылып қаламын. Катардағы әлем біріншілігінде де жетінші сатыға сырғып, қатты өкіндім. Шынымды айтсам, бірыңғай бесінші-жетінші орыннан шаршап кеттім. Сондықтан медаль алу мен үшін өте маңызды болды. Оның үстіне, Азия ойындарында маған дейін күрескен командаластарым медаль алғанда қатты қызықтым. Сол себепті, бар күшімді салдым. Қуанышымда шек болған жоқ.

- Азия ойындарына дайындық қалай өтті?

- Екі апта бойы тауда жаттықтық. Содан соң базада арнайы жаттығу жиынынан өттік. Бапкерлеріміз бізді бабымызға енгізіп, осы жарысқа алып келді.

- Қола медаль үшін өткен кездесу жайлы не айтасыз? Оңтүстік Корея балуанымен бұрын кездестіңіз бе?

- Иә, онымен екі рет кездесіп, екеуінде де жеңген едім. Осы жолы оның физикалық тұрғыдан жақсы дайындықпен келгенін байқадым. Шынымды айтайын, сол кездесуде барымды салдым. Иппон әдісімен жеңдім. Тізерлей отырып лақтырдым.

- Медаль алған соң, анаңызбен сөйлескен жылы видеоңыз желіде таралып кетті. Отбасыңыз туралы айтып өтесіз бе?

- Мен Қызылорда қаласында, көпбалалы отбасында өмірге келдім. Үйдегі алты баланың екіншісімін. Бес ұл, бір қыз бар жанұямда. Ата-анам - басты жанашырларым. Анам менің жекпе-жегімді асыға күтеді. Бірақ күресіп жатқанымда басқа бөлмеге кіріп, мен үшін тақым қысады. Бауырларым нәтижесін айтып отырады екен (күлді). Кешегі қола медальдан соң отбасымдағылар қатты қуанды. Негізі, маған жанұям жігер береді. Соларға қарап, мотивация аламын. Артымнан ерген інілерім менің жеңілгенімді, құлап жатқанымды көргенін қаламаймын. Оларға үлгі болғым келеді. Әрдайым жеңіске жеткім келеді.


- 100 келіге дейінгі салмақта атақты балуандар көп. Соның ішінде кімдерді жеңгіңіз келеді?

Әрине, барлық балуанды, аузын айға білеген мықтыларды жеңсем деген арманым бар. Сол арманымды орындау үшін тынымсыз дайындалып жатырмын. Әсіресе, өзім жеңіліп қалған балуандардан есе қайтарғым келеді. Олардың қатарында кешегі өзбек балуаны Мұзафарбек Туробоев, әзірбайжандық Зелим Коцоев, грузин балуаны Илья Суламанидзе бар.

- Азия ойындарында әлем және Олимпиада чемпионы, жапондық Аарон Вольфті ескерту санымен жеңдіңіз. Негізі, шидомен жеңгенде әдемі әдіс жасай алмағаныңыз үшін өкініш болмай ма?

- Жоқ, өкініш жоқ. Әдіспен болса да, шидо санымен болса, жеңуге тырысу керек. Тістеп болса да, жеңіп шығу керек. Ал Аарон Вольфпен өткен кездесуге келер болсақ, ол өте мықты балуан. Онымен бұрын кездеспедім, тек Токиодағы жаттығу жиынында күрескеніміз бар. Ол әлемді де, Олимпиаданы да бағындырған балуан. Сондықтан онымен белдесу оңай болған жоқ. Мен оның сол қолын байлауға тырыстым. Өйткені ол солақай балуан. Сол қолымен әдіс жасауға мүмкіндік бермеген соң, тез шаршай бастады. Егер сол жамбасына алар болса, ол мені лақтыруы мүмкін. Өйткені, оның аяқтары мықты, менің бойым аласа дегендей... Сонда да тоқтамай әдіске кіре бердім. Құлата алмадым, бірақ тоқтап қалмағаным да рас. Ал қарсыласы әдіс жасамай жүргесін төрешілер ескерту берді.


- Бойың аласа екенін айтып қалдың. Бұл салмақта ірі денелі, бойы ұзын балуандар көп. Олармен белдесу кезінде қандай тактика ұстанасың?

- Иә, жүз келідегі біраз балуанға қарағанда бойым қысқалау. Бірақ бойым аласа екен деп, күреспей қалмаймын ғой! Бойы ұзын қарсыластарымды әбден сілкілеп, барынша әдіске салып, шаршатып жеңуге тырысамын. - Енді сөз соңында рейтингтегі орның туралы айтып өтсең...

- Олимпиадалық рейтингте 20-орында тұрмын. Әлемдік рейтингте 26-сатыдамын. Алда әлі жарыстар бар. Осы жылдың соңына дейін рейтингте 15-сатыға дейін көтерілсем деген, мақсатым бар. 

 Сұхбаттасқан: Ақырыс Сейтқазы

Фото: Тұрар Қазанғапов