Эльмир Алимжанов: Азиадаға төртінші рет қатысып, алғаш рет медаль алып отырмын

Эльмир Алимжанов: Азиадаға төртінші рет қатысып, алғаш рет медаль алып отырмын
Азиада 2023
Семсерлесу

Эльмир Алимжанов Қазақстан қоржынына кезекті қола медальді салды. Шпагамен семсерлесуден сынға түскен спортшы өзінің төртінші Азиадасында алғаш рет жекелей сында жүлдеге ілігіп отыр, деп хабарлайды Bassport.kz тілшісі.

«Бұл менің төртінші Азиадам. Екі рет жекелей сында сүрініп, екі рет медальға қол созым жерден тоқтағанмын. Ширек финалда қытайлықты ұтқан сәтім мен үшін өте маңызды. Біз командалық сында Азиада медалін алғанбыз, енді міне, жекелей сында да жүлдем бар. Өте қуаныштымын. Өкініш те жоқ емес. Өйткені тек алтын аламын деген мақсат болған. Қарсыласы өте қарымды. Әлемдік рейтингте бірінші орында тұр. Мықты қарсылас. Бүгін оған сәттілік серік болды. Енді 29 қыркүйек күні командалық сында өнер көрсетеміз. Жанкүйерлерді қуантуға тырысамыз», - деді Алимжанов.

Сондай-ақ спортшы кіші финалда неліктен шпагасын жиі тексергенін айтты.

«Бізде мұндай жағдайлар болады. Кезекті соққыдан соң шпага дұрыс істемей тұрғандай көрінеді. Ешқандай күмән болмас үшін тексеріп алдым», - дейді ол.

Сөз соңында Алимжанов Олимпиадаға іріктеу турнирлері қалай өтіп жатқанын да жеткізді.

«Жазғы Азия ойындарында біздің спорттан лицензия берілмейді. Біз жыл бойы әлем және Азия чемпионаты, сондай-ақ, әлем кубогі кезеңдерінен ұпай жинаймыз. Қазір әлемдік рейтингте жапондардан кейін екінші орында келеміз. Егер команда лицензия алса, жолдама бірден құраманың үш спортшысына беріледі. Сондықтан, Париж Олимпиадасына лицензия алу үшін барымызды саламыз», - деді Эльмир.

Фото: Сали Сабиров