"Жас балуандар ойлансын": Бас бапкер әлем чемпионатына Кебіспаев пен Жадыраевты неге апаратынын айтты

Күрес

Грек-рим күресінен лицензиялық әлем чемпионаты мен жазғы Азия ойындарына баратын құрам анықталды. Команда тізгінін жақында қолға алған Юрий Мельниченко Белградтағы бәсекеге жастардан гөрі, тәжірибелі балуандарды жіберетінін ашық айтты. Олардың қатарында Алмат Кебіспаев пен Демеу Жадыраев та бар, деп жазады Bassport.kz.

- Юрий Васильевич, әлем чемпионатына баратын құрамнан Алмат Кебіспаевты көрдік. Ол бапкер қызметте де жүр. Оны құрамаға не үшін алдыңыз?

- Қазіргі таңда ол тек спортшының міндетін атқарып жүр. 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасын былтыр жаттықтырды. Бірақ әлем чемпионатына барған жоқ. Жаттығу жиынында болды. Алмат тәуелсіз Қазақстанның ең мықты балуаны. Әлем чемпионатының бес дүркін жүлдегері. Ең бастысы, ол өзінің мықтылығын әлі күнге дейін көрсетіп жүр. Қазақстан Спартакиадасында еш қиындықсыз жеңіске жетті. Азия чемпионатында өзбек балуанымен өткен кездесу ғана қиын соқты. Мұны кейін Алматпен бірге талқыладым. Ол өзінің жасына қарамастан, әлем және Олимпиада чемпионы болу үшін еңбектенуде.

- Десе де, Алмат 37 жасқа қадам басып барады. Оған әлемдегі жас балуандармен күресу қиын соқпай ма?

- Грек-рим күресінен әлемдегі ең мықты құрамалардың бірі - Әзербайжан командасымен оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Сол жиында ол жасына қарамастан соңына дейін сыр берген жоқ. Ең қиын сынақтардан сүрінбей өтті. Сондықтан мен оған тек сәттілік тілеймін.

- 77 келіде Демеу Жадыраев сынға түседі. Демеу де олимпиадалық салмаққа ауысқалы жарқын жеңісімен есте қалмады...

- Демеу жыл басында өткен Египеттегі рейтингілік турнирде екінші орын алды. Финалда 1:1 есебімен тең түскен, жеңісті қарсыласқа берді. Одан бөлек, қарымды, әлемдік деңгейдегі үш балуанды жеңді. Ал Демеуден бөлек балуандар, яғни, Спартакиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері халықаралық жарыстарда еш нәтиже көрсеткен жоқ. Соңғы екі рейтингілік жарыс Венгрия мен Германияда өтті. Венгрияға 77 келіде апарған балуанымызда нәтиже болмады. Ал Германияда Жадыраев қола медаль иеленіп, жақсы күрес көрсетті. Оның салмағындағы жас балуандар осыдан қорытынды шығарып, шеберлігін арттырсын.

- Мейіржан Шермаханбет ұзақ үзілістан соң командаға оралды. Ол туралы қандай пікірдесіз?

- Мейіржан үшін өте қуаныштымын. Құрамадағы ең талантты балуандардың бірі. Әлем чемпионатының қоласын алған, Азия чемпионы. Ол бір көзінің тор қабығы жыртылып, бір жылда аса уақыт бойы кілемге шыққан жоқ. Соған қарамастан, өзінің энтузаизмін, жігерін жоғалтпаған. Командаға ену үшін барын салды. Біз оның бұған дейінгі жетістіктерін еш ұмытпаймыз. Бірақ қазіргі бабына ерекше қарайтынымызды ескерттік. Дәрігерлер күресуге рұқсат берген соң бір айдан кейін Германиядағы турнирге қатысып, өте қиын белдесулерді алып шықты. Қола медаль жеңіп алды. Ол Азия ойындарына баратын құрамға әділетті түрде еніп отыр. Алдағы уақытта оның апта сайын қарқынын үдете түсеріне сенемін. Ол Азия ойындарында чемпион бола алмаса да, амбициясы жоғары балуандардың бірі болып қалады. Мейіржан әлем чемпионатын да, Олимпиада ойындарын да жеңіп алуға қабілетті жігіттердің бірі.

- Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Айдос Сұлтанғали да жарақатынан айығып, құрамаға еніп отыр...

- Айдос еліміздегі ең үздік балуандардың бірі. Мұнысын ол бірнеше рет дәлелдеді де. Ол иығындағы сіңірдің үзілуіне байланысты ұзақ уақыт кілемге шықпаса да, Германиядағы турнирден жеңіспен оралды. Қалпына келіп, бабына еніп отыр. Гран-при турнирінде ол қарсыластарына бір ұпай да берген жоқ. Иә, қарсыластары орта деңгейдегі балуандар еді. Десе де, ұзақ уақыт күреспеген балуан үшін бұл керемет нәтиже.

- Соңғы кезде көршілес қырғыз балуандары керемет нәтиже көрсетіп жүр. Олармен жаттығу жиынын өткізу ойда бар ма?

 - Қырғыз балуандарымен былтыр да бірлескен жиын өткізгенбіз. Биылғы кестеде аздаған өзгеріс бар. Әзербайжан құрамасының деңгейі Қырғызстаннан әлдеқайда жоғары. Себебі қырғыз командасы екі супер жұлдыз – Шәршенбеков пен Махмұдовтың даңқына сүйеніп отыр. Ал Әзербайжан құрамасында барлық балуан мықты. Оларда айтарлықтай супер жұлдыз жоқ, бірақ бәрінің де деңгейі жоғары, бәрінің де дайындығы мықты. Әрине, Қырғызстанмен тек қана достық қарым-қатынастамыз. Әрі қарай да байланысты нығайтып, дамыта береміз. Олардың басты артықшылығы, әлем күресінің жұлдыздарын дайындауға жағдай жасады. Бізге де осыдан үлгі алу керек. Айтарлықтай құпиясы жоқ. Олар дайындық пен ынталандыру жағынан сәл ғана алға кетті.