"Қайпановтан ұтылып жүр": Бас бапкер Азия чемпионы Дархан Есенғалиді Белградқа апармайтын болды

Күрес

Күрес түрлерінен әлем чемпионаты мен Азия ойындарына қатысатын балуандар анықталды. Лицензиялық әлем біріншілігіне қатысатын спортшылар қатарында Азия чемпионы Дархан Есенғали жоқ, деп жазады Bassport.kz. 

Еркін күрестен олимпиадалық салмақ саналатын 74 келіде Белградта өтетін әлем чемпионатына Нұрғожа Қайпанов қатысады. Нұрғожа биылғы Қазақстан Спартакиадасында Дархан Есенғалиден жеңілген болатын.

Одан бөлек, Есенғали биыл Астанада өткен Азия біріншілігінде топ жарған.

Бас бапкер Мадияр Құрамысовтың пікірінше, Дарханды жазғы Азия ойындарына қатыстыру туралы шешім қабылданған.

"Иә, Дархан Есенғали ресми жарыста Қайпановты жеңді. Бірақ жаттығу жиындарында көріп жүрміз. Дархан Нұрғожадан жиі ұтылып қалады. Одан бөлек, әлемдік балуандармен кездесу жөнінен Қайпановтың тәжірибесі көп. Ал Есенғали бұл жағынан да ақсап тұр. Сондықтан оны Азия ойындарына қатыстыру туралы шешім қабылдадық", - деді бас бапкер.

Еске сала кетейік, күрестен әлем чемпионаты мен жазғы Азия ойындарына қатысатын балуандар тізімі анықталған болатын.