Ертуған Зейнуллинов: Мүмкіндігімді жібермеуге тырысамын

Ертуған Зейнуллинов: Мүмкіндігімді жібермеуге тырысамын
Бокс

Әуесқой бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы сапынан Азия ойындарына баратын спортшылар анықталды. 

Осы орайда көпшілікке қатты танымал емес, 63,5 келі салмақта суырылып шыққан Ертуған Зейнуллиновпен сұхбаттасуды жөн көрдік.

- Бокс жолына қашан келдіңіз? 

- 2012 жылға дейін футбол, күрес, таэквондо спорт түрлерімен айналыстым. Алайда өз орнымды таппадым. 2012 жылы досыммен бірге еріп, бокс секциясына жазылдым. Нәтижесінде осы күнге дейін осы салада келе жатырмын.

- Ұлттық құрамаға қашан кірдіңіз?

- Ең алғаш 2017 жылы ел чемпионатында 60 келіде сынға түсіп, жартылай финалда Токио Олимпиадасының қатысушысы, бірнеше дүркін Қазақстан жеңімпазы Закир Сафиуллинге есе жібердім. Нәтижесінде қола жүлдегер атанып, ұлттық құрамаға кірдім. Алайда 3 айдан соң, аяғымды сындырып алдым. Сол мезеттерде боксты тастайтындай ойда жүрдім. Бірақ алға қойған мақсат және бірнеше жылдық еңбегімді зая кетіргім келмеді. 


2020 жылы үлкен спортқа оралып, алғаш рет Қазақстан чемпионы атандым. Оңай болмады. 4 жекпе-жекте жеңіске жетіп, финалда қарсыласым мұрным жарақаттап алғанына байланысты (Ерсұлтан Болат) автоматты түрде жеңімпаз болдым. 

Әсіресе, ширек финалда қолым сынса да, 1/2 финалда бір қолмен жұдырықтасуға мәжбүр болдым.

Өкінішке қарай, 2021 жылы түрлі себептермен әлем чемпионатына қатыспадым. Енді мүмкіндігімді жібермеуге тырысамын.

АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНА БАРАТЫН БОКСШЫЛАРДЫҢ ИНСТАГРАМ ЖЕЛІСІНДЕ НЕШЕ ОҚЫРМАНЫ БАР?

Қамшыбек Қоңқабаев — 100 мың жазылушы

Сәкен Бибосынов — 67,2 мың жазылушы

Нұрбек Оралбай — 51,8 мың жазылушы

Махмұд Сабырхан — 46,9 мың жазылушы

Асланбек Шымбергенов — 26,3 мың жазылушы

Сағындық Тоғамбай — 5 102 жазылушы

Ертуған Зейнуллинов — 1296 жазылушы

- Азия ойындарына баратын спортшылардың қатарына кіргендегі әсеріңізбен бөліссеңіз

Азия ойындарына баратын боксшылардың арасынан жетістігі ең азы саналамын. Өздеріңіз білетіндей, 63,5 келі салмақта елімізде бәсекелестік өте жоғары. Маусым айында өткен «Elorda Cup» турнирінде 5 бірдей ел чемпионы Азия ойындарының жолдамасына таластық. Нәтижесінде 1-орын алып, бапкерлер Париж Олимпиадасының жолдамасына таласуға мүмкіндік берді.

- Ұзақ жылдардан соң, ірі жарысқа баруға мүмкіндік алдыңыз. Осы кезге дейін боксты тастап кететін ойыңыз болды ма? 

- Кейде жекпе-жектердегі жеңіліс, төрешінің әділетсіздіктері боксты тастап кетуге итермелейді. Егер ұлттық құрамаға ілінбесең, спортпен айналасуға мүмкіндік болмайды. Ондай сәттерде жұмыс істеп, қалған уақытымда жаттығумен айналысуға ден қойдым. Нәтижесінде бәсекелестік жоғары болса да, ұлттық құрамада лайық екенімді дәлелдедім.

- Сұхбатыңызға рақмет!