"Медаль болмайтынын білдік": бас бапкер Будапешттегі Masters турнирінен соң не айтты

Дзюдо

Венгрия астанасы Будапештте өткен дзюдодан әлемдік Masters турнирін отандық спортшылар сәтсіз аяқтады. Қазақстандық балуандардың басым бөлігі екінші айналымнан асқан жоқ. Тек турнирді екінші кезеңнен бастаған Жансай Смағұлов қана үшінші белдесуде ұтылды. Осы орайда, Bassport.kz команданың бас бапкері Нұрбол Сүлейменовтің пікірін білді.

«Будапешттегі турнирде медаль болмайтынын білдік. Елдос Сметов жарақатынан соң әлі қалпына келе алар емес. Қалған балуандарымыз екінші кезеңде-ақ әлем, Олимпиада чемпиондарымен кездесті. Олар әлі де болса әлем үздіктерін жеңуге дайын емес. Десе де, бұл белдесулер жас спортшыларымыз үшін үлкен тәжірибе. Келесі жарыстарда еш қорықпай күреседі», - деді бас бапкер.

Нұрбол Сүлейменовтің айтуынша, команданың алдында тұрған басты мақсат – жазғы Азия ойындарында сәтті өнер көрсету.

«Қазір Азия ойындарына қызу дайындалып жатырмыз. Бұл жарыста ұпай былтырғы әдіс бойынша беріледі. Өйткені Азия ойындары былтыр өтуі тиіс еді. Мәселен, қазір олимпиада қарсаңындағы жыл болғандықтан, әр жарысты жүз пайыздық ұпайлар беріліп жатыр. Ал Азия ойындарында балуандарымыз жүлде алған жағдайда, елу пайыз ұпай алады. Бүгінде Азия ойындарына баратын құрам толық дайын. Тізімді Спортты дамыту дирекциясына тапсырдық. Бір анығы – Елдос Сметов Азия ойындарына қатыспайды. Бұл салмақта Мағжан Шамшадинге үміт артамыз. Мағжан қазір 60 келіде рейтингте ең жоғары тұрған спортшымыз. Ал Нұрқанат Серікбай Бакудегі Grand Slam турниріне барады», - деді Сүлейменов.

Сондай-ақ 48 келідегі команда үздігі, әлем чемпионатының қола жүлдегері Абиба Әбужақынованың татамиге қашан оралатыны да сөз болды.

«Абиба жарақатынан айығуда. Тағы да ушықтырып алмау үшін, оны Будапешттегі турнирге жібермедік. Тәуекелді қоя тұрып, денсаулығын толық реттеп аламыз деп шештік. Абиба Загребте өтетін Гран-при» турниріне қатысады. Бәрі жақсы болса, Азия ойындарында да ел намысын қорғауы мүмкін», - деді спортшының жеке жаттықтырушысы.