"Асылқұлов Махмұдтың қарқынына шыдамады": бұрынғы боксшы чемпионның жеңісіне күмән келтіргендерге жауап берді
Бокс
Астанада бокстан «Елорда кубогі» халықаралық турнирі аяқталып, әлем чемпионы Махмұд Сабырхан 57 келі салмақта топ жарды. Сабырхан осы турнирдегі өзінің басты қарсыластары Серік Теміржанов пен Оразбек Асылқұловты жеңген болатын. Бірақ желіде Махмұд пен Оразбек арасындағы кездесу нәтижесіне күмән келтіріп, төрешілер бұра тартты деушілер табылды. Осы орайда, Bassport.kz бұрынғы боксшы, белгілі спорт менеджері әрі промоутер Жалғас Түкешовтің пікірін білген болатын.
«Махмұд Сабырхан жақында ғана әлем чемпионатында жеңіске жетті. Ал әлем біріншілігінде жеңу оңай емес. Бұған дейін қаншама халықаралық оқу-жаттығу жиыны өтті. Ел ішінде қаншама дайындық кезеңі ұйымдастырылды. Мұның бәрі ағзаға күш. Соған қарамастан, Махмұд елге келіп, он күн ғана демалып, қайтадан халықаралық жарыста топ жарып отыр. Өзім де бокспен шұғылданған, ұлттық құрамаға мүше болған адам ретінде мұның әсте оңай еместігін айтқым келеді. Әрине, Ташкентте чемпион атанған басқа боксшыларға қарағанда Махмұд үшін бұл турнирдің маңызы зор болды. Өйткені олимпиадалық салмақта өзін дәлелдеу миссиясы тұрған еді. Ал Олимпиада - әр спортшының басты арманы.
Жаңа салмаққа ауысты, жаңа салмақты жатырқаған жоқ. Себебі бұған дейін де ол елішілік турнирлерге 57 келіде қатысып, бір-екі кездесу өткізіп, кейін жарыстан бас тартатын. Яғни, бой үйретіп жүрді. Одан бөлек, 22 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионатында тап осы 57 келіде жеңіске жетіп, турнирдің үздік боксшысы атанды. Демек бұл салмақ Махмұдқа жат емес.
«Елорда кубогіне» Махмұд өте әдемі келді. Басында Теміржанов пен Сабырхан финалда ғана кездеседі деп ойлағам. Бірақ бас бапкер осы салмақтағы өзге де мықты боксшылар мен Махмұдтың кездесуіне мүдделі болған екен. Бұл да жақсы тактика. Серіктен де бөлек мықты балалар екенін ұмытқан жоқ. Ұлттық құраманың екінші нөмірлі боксшысы Оразбек Асылқұлов, 2021 жылғы Азия чемпионы атанған моңғол спортшысымен жолын түйістірді. Дубайда өткен Азия чемпионатында Кхарку Бильгунсайхан өте сенімді түрде жеңіске жеткен еді. Ал Махмұд оған бокс әліппесін үйретіп жіберді.
Жартылай финалда Серікті де еш қиындықсыз жеңді. Мен бұл жерде біреудің сойылын соғып отырғаным жоқ. Мен қазақ боксына шын жаны ашитын адам ретінде осылай сенімді түрде мәлімдеймін. Махмұд 57 келідегі көшбасшы екенін сөзсіз дәлелдеді.
Ал Асылқұловпен жекпе-жек қалай өтті? Сөз жоқ, Оразбек кездесуді өте жақсы бастады. Жекпе-жек тең дәрежеде басталғанымен, Махмұд қарқынын арттырған сайын, Асылқұлов шыдай алмады. Екінші және үшінші раундта Махмұд таза жеңді. Дәл осы салмақта төрешілер өте кәсіби түрде жұмыс істеді. Оған ешкімнің күмәні болмасын. Аталған кездесуге күмән келтіргендер Асылқұловтың жанкүйерлері шығар. Бірақ Оразбек Асылқұлов жеңіп еді деген сөздің өзі ұят. Бокстан хабары жоқ адам ғана осылай айтатын шығар.
Болашақта кімнің қай деңгейде өнер көрсететін уақыт көрсетеді. Махмұдқа өзім сенемін. Марқұм Бекзат Саттарханов ағамыздың 57 келідегі алтынын Сабырхан елге қайтарады деген сенімдемін. Үміттенемін. Тілекшімін. Бұл салмақта фавориттер өте мықты. Бірнеше мықты боксшы бар. Кубалық спортшы қарқынды. Болгария атынан шығатын кубалық Хавиер Ибаньес Диас бар. Осы спортшы Еуропа ойындарында топ жарып, алтынмен қатар, Париж Олимпиадасының жолдамасын иеленді. Хавиерден ұтылған испандық Хосе Килесті де үздіктер қатарына қосамын. Азияда да жақсы спортшылар өте көп. Өзбекстандық әлем чемпионы Абдумалик Халоков бар. Махмұд екеуінің арасындағы кездесу өте қызықты болары сөзсіз. Өйткені екеуі де соңғы әлем чемпионатының жеңімпазы.
Бәрін ринг көрсетеді. Азия ойындарындағы басты мақсат алтын алу емес. Басты мақсат – Олимпиада жолдамын иелену. Боксшыларға берілетін тапсырма осы болатын шығар. Бірінші мүмкіндіктен айырылмаған дұрыс. Бұйырса, Париж Олимпиадасына мықты құраммен барады деп ойлаймын. Себебі команда мүшелері ел ішінде ғана емес, әлемдік деңгейде үздіктер қатарында. Тек бір салмақ уайымдатып тұр. 63,5 келідегі жігіттеріміз әлсіздеу. «Елорда кубогінде» 92 және 63,5 келінің нүктесі қойылған жоқ», - деді Түкешов.